Былтыр зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер өседі деген сүйінші хабар тарағалы жұрттың көңілдері бір көтеріліп қалғаны рас.
Сол өскен зейнетақыны 2024 жылдың алғашқы айында алғандардың бірі қуанып, шүкіршілік етсе, бірінің көңілі тола қойған жоқ. Қайсыбірінің зейнетақысына 9 мың, ал енді біріне 7-ақ мың теңге қосылыпты.
Әдеттегідей азық-түлік пен күнделікті өмірге қажетті тауарлардың да бағасы білінбестен көтеріле бастағаны байқалды. Зейнеткерлер құдды бір қолдарына уыс-уыс ақша ұстағандай, тауар құнын көтеріп, әйтеуір бір пайда тауып қалғысы келетін пысықайлар да құр қарап жатар ма? Бәрінің көргісі келетіні бір пайда. Айлық есептік көрсеткіш көлемі 3 692 мың теңге (2023 жылы - 3450 мың теңге) болып өскені сол-ақ екен түрлі қажетті құжатты алу бағасы да қымбаттап шыға келді. Айталық, жеке куәлік құны (0,2 АЕК) - 738 теңге, паспорт (36 беттік, 8 АЕК) - 29536 теңге, (48 беттік, 12 АЕК) - 44308 теңгеден бір шықты. Ал балалар паспорты (24 беттік, 4 АЕК) - 14768 теңге. Бұған жүргізуші куәлігін алуды қосыңыз, ол бүгінде (1,25 АЕК) - 4615 теңге болыпты.
Мұның сыртында жарыққа, суға, газға, телефон байланысына қосылған қосымша құндарды есептегенде жаңағы өсті-ау деген зейнетақыңыз түкке де жарамай қалатыны белгілі.
Жыл аяғында барлық ұялы байланыс операторлары тариф құнын көтеру туралы бірауыздан мәлімдеп, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин еліміздегі бас байланыс басшыларымен кездесу өткізіп, тариф құнын негізсіз өсіргендер айыппұл арқалап, заң бойынша жауап беретіндіктерін айтқан еді.
Бірақ қазіргі таңда ешбір байланыс операторлары бұл уәжге тоқтамайтындықтарын, ұялы байланыс құнын көтеру тек өздеріне ғана байланысты емес, жаһан бойынша өсіп отырған баға құнына төтеп бере алмауы себепті амалсыз алынған щара деп мәлімдеп отыр.
Мұның бәрі жыл сайын айлықтары өсіп, жыл соңында үнемделген қаражат есебінен деп өздеріне өздері сыйақы тағайындап отыратын мекеме-ұйымдар қызметкерлері үшін түк те емес болар. Бірақ орташа жалақыны амалсыз місе тұтып, айлығына 5 мың теңге қосқандарын айғайлатып, міндетсіп беретін мекемелер қызметкерлері үшін үлкен шығын. Ал шықпа жаным шықпамен күн көріп отырған зейнеткерлер ше?..
Кейде дүкенге бара қалсаң, граммдап тәтті-пәтті алып, келілеп қана картоп-пиязын, ең арзан сұйық майды саудалап тұрған зейнеткерлерді көргенде еріксіз жүрегің шым ете түседі. Күні ертең-ақ солардың қатарына біздердің де қосыларымызды ойлаудың өзі қиын.
Алаған қолым-береген емес, береген қолым-алаған болған заман-ай!..
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz