Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлыбританияға жұмыс сапарымен барған оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру технологияларының халықаралық көрмесіне қатысты. Ведомство басшысы IT-сала өкілдерімен және Microsoft, Google, Lenovo, Good Tech Advisory ірі халықаралық компанияларының білім беру сегментінің басшыларымен келіссөздер жүргізді.
Фото: gov.kz
Кездесу барысында тараптар цифрлық технологияларды дамыту перспективалары мен қазіргі заманғы әлемдік трендтерді, сондай-ақ білім берудегі жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен әсерін талқылады. Ғани Бейсембаев кездесуге қатысушыларға Қазақстанда оқытудың инновациялық әдістерін енгізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
«Мемлекет цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға және цифрлық индустрияны, атап айтқанда, жасанды интеллектті дамытуға ерекше назар аударады. Салалық ведомство білім беруді цифрлық трансформациялау бағытында жан-жақты жұмыс жүргізуде. Өткен жылы еліміздің бір өңірінде біз «Цифрлық технологияларды қолдана отырып, шағын жинақталған мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын іске қостық. Оқулықтар электронды форматқа көшірілді. Бүкіл жүйені цифрландыру бойынша кезең-кезеңімен жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Қазір бізге білім беру сапасын арттыру үшін жасанды интеллектті қолдану бойынша жетекші елдердің озық тәжірибесі қызықты», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрі.