26.01.2024, 15:45
Оқылды: 69

Оқырман алғысын жеткізді

Күні кеше жазылым науқаны кезінде Казталов ауданының кәсіпкері Серік Жұмабаев демеушілік танытып, облыс орталығына қоныс аударған 23 ардагерді төл басылымға жаздыртқан болатын.

Алгысы шексиз окырман

Ізгі іске риза болған бір топ ардагер қауымы редакцияға қоңырау шалып, тіпті бірі аяқтай келіп, алғыстарын жеткізді.

- Ғасырға жуық тарихы бар аудан үнжариясының біз үшін орны бөлек. Ауданның өсіп-өркендеуі мен орын алып жатқан оқиғаларын баяндайтын басылым алысты, жақынды ауыл тұрғындарын бір-бірімен жақындастырып тұратындай. Өйткені әр ауылдың жаңалығын жариялап, тасқа таңба басқандай бүгінге жеткізіп отырған да осы төл газетіміз.

Иә, адам жанына рухани азықтың дәнін себетін газеттің орны ерекше. Тынымсыз тіршілікте уақыт тапсаң жаныңа тыныштық сыйлайтын да осы оқу құралы. Бүгінде аудан үнжариясының көтеретін жүгі еселеніп, салмағы артты десек қателеспейміз. Жырақта жүрсек те төл басылымнан қол үзген емеспіз. Керісінше әр санын іздеп оқимыз. Бір нөмірі кешіксе, түгел ауданның жаңалығынан құр қалғандай болып тұрамыз. Осы ретте, газет ісінде аянбай еңбек етіп, аудан айнасының мерейін асырып жүрген жерлестерге, редакция ұжымына шексіз алғысымызды білдіреміз! Бұл біз үшін жаңа жылда жасалған ең үлкен тарту болды, –деп еңбек ардагері Қуаныш Ермекқали ағамыз ардагерлер атынан ризашылығын білдірді.

Төл басылым алдағы уақытта да қасиетті өлкеміздің экономикалық дамуына, тұрғындардың рухани кемелденуіне үлкен жауапкершілікпен үлесін қоса бермек.

Әсем Халиуллина,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале