Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында балаларға арналған сырғанақ алаңы ашылды.
Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған игі іске ауыл әкімдігі, жергілікті тұрғындар мен аудандық мәслихат депутаттары Қуаныш Мырзағалиев, Бекболат Шканов атсалысқан.
- Бүгін ауылымыз үшін мереке десек те болады. Балалардың шат күлкісі мерекеден үлкен әсер сыйлайтыны анық. Мына сырғанақ алаңын салу туралы ұсыныс білдірген ауылымыздың жас тұрғыны Ерлан Орынбаевқа және осы істің басы-қасында жүрген демеушілерге зор алғысымды айтамын. Болашақта да бірлігіміз бекем болып, ауылды көркейтуге бірге атсалысайық. Қуанышты күндеріміз көп болсын, - деген Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов демеушілерге алғысхат табыстады.
Содан соң мәслихат депутаттары жүздері балбұл жайнап жүрген балаларға 10 шана сыйға тартып, қуанышты еселеді.
Салтанатты рәсім аяқталған соң, ауыл тұрғындарының қаражатына жайылған дастарханнан дәм татқан балалар ойнауға асықты. Сырғанақты сынап көрмекке шаналарын сайлап келген бүлдіршіндер шыдамсыздана кезекке тұрып, кешке дейін рахаттанып ойнады.
Таяуда Переметныйда бойкөтерген сырғанақты көрген соң ерікті ретінде танымал Ерлан Орынбаевқа «мичуриндік балаларға да сондай ойын алаңын салса қалай?» деген ой келген екен.
- Ұсынысымды ауыл әкімдігі мен депутат ағалар бірауыздан қолдады. Жергілікті тұрғындар арасында әркім мүмкіндігінше көмектесті. Қаңқасы ағаштан жасалған сырғанақтың материалдарын ауылдағы кәсіпкерлерден сатып алдық. Ал эскизін сызып, құрастыруға жерлес, ұста жігіт Миржан Мәулетов атсалысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» емес пе, бір аптада сырғанақ дайын болды. Қолдау білдірген барша жанға рахметімді айтамын, - деді бізбен әңгімесінде Ерлан.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz