Бүгін Жәнібек ауданының әкімдігінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында «Қазақша QUIZ» зияткерлік сайысы өтті.
Бұл сайыс Дүниежүзілік сайлау күніне және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығына 10 жыл, «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Аталмыш сайыста қатысушылар топ болып бірігіп, сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шапшаң жауап беруден бөлек, логикалық ойлау жағынан да сыналды.
Интеллектуалды дода «Біз білетін сұрақтар», «Ортақ бір сөз», «Адам.Қоғам.Құқық», «Оскар үздік фильмі», «Әуенді тап», «Бәс» атты алты кезеңнен тұрды. Ойын барысында «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыхан Кәрімов қатысушы топтарға мәдениет, өркениет, сайлау, кино, әдебиет және қоғам сынды әртүрлі тақырыптарда сұрақ қойды. Нәтижесінде аудандық жер қатынастары бөлімі мен аудандық мәслихат қызметкерлерінен құралған «Достық» тобы жеңімпаз атанды. Жүлделі 2-орын «Тұлпар» тобына бұйырса, 3-орынды «Бірлік» тобы місе тұтты. Ал «Сұңқар» және «Жалын» топтары алғысхаттармен марапатталды.
Сайыста өз білімін, ой-өрісі мен логикалық ойлау қабілетін ортаға салған барлық топтарға естелік сыйлықтар табысталды. Соңында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мөлдір Әбдірешова қатысушыларға танытқан белсенділігі үшін алғыс білдіріп, жүлделі жеңістерімен құттықтады.
Айсұлу Жармұхамбетова,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz