Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округіндегі аудан әкімінің тұрғындармен кездесу жиыны ауыл әкімі Светлана Байтенованың жылдық есеп беруімен басталды.
Округ бойынша ауылға былтыр 4 жас маман келіп, жәрдемақы алған, бір маман баспаналы болған. Қазіргі таңда математика пәні мұғаліміне бос жұмыс орны бар.
Ауылда 38 шаруа қожалығы жұмыс жасап тұр. Оның ішінде 7 қожалық былтыр тіркелген. Сондай-ақ шаруа қожалықтары төрт жаңа трактор, 70 бас ангус тұқымды ірі қара мал сатып алған. Бір кәсіпкер Өзбекстан еліне 400 бас мал экспортқа шығарған. Осындай нәтижелер шаруалардың тынымсыз еңбегін көрсетеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша автокөліктерді жөндеу қызметтерін ұсынатын орталық ашу жоспарда бар. Сондай-ақ округте сауда орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Алдыңғы кездесуде көтерілген такси бағасының қымбат болуы мәселесі шешіліп, қазіргі таңда 2 жүргізуші аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, халыққа қызмет ететін болды. Енді бір жолаушы тасымалдаушы жолақы бағасын төмендетті. Көшелердегі су құдықтарына 19 қақпақ алынып, жабылған. Былтыр туындаған бұл мәселе де шешілген.
Ендігі кезекте мал моласының ауылға жақын орналасқандығы, жедел жәрдем көлігінің ескіруі сынды мәселелер тұр. Сондай-ақ, ауылда электр трансформаторлары, желілері мен су мұнарасы да ескіргендіктен жаңарту қажеттілігі туындап тұрғанын айтып өтті ауыл тұрғындары. Аудан әкімі өз кезегінде бұл мәселелердің барлығы қарастырылып, алдағы уақытта шешілетінін айтты.
Аудан әкімі «Қаладан ауылға» жобасына баса назар аударуды тапсырды. Шаруа қожалықтарын ауыл әкімдігімен осы бағдарлама аясында бірлесіп жұмыстар атқаруға шақырды.
Ауыл тұрғыны көпбалалы ана Айгүл Мингеева ауыл әкімнің жұмысына алғыс білдіріп өтті.
Ол «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиесін алып, алдағы айларда өз шаруасын бастағалы отыр. Осы жолда көмек көрсетіп, қолдау білдірген Светлана Байтеноваға ризашылығын жеткізді.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz