Әлемді мойындатқан Кабирхан сәйгүліктің иесі Тілек Мұхамбетқалиев елге келді. Хироу мо, Букревью, Наксос, Кафу, Мистер радж, Селтик прингс сияқты әлемдік жүйріктер бәйгесінің үздіктерін артқа тастаған қазақстандық жүйрік иесін облыс әкімі Нариман Төреғалиев қабылдап, құрмет көрсетті.
Қазақ елінің делебесін қоздырып, бәйгесүйер қауымның бөркін аспанға атып қуантқан Кабирханның жеңісі еліміздің оң имиджін қалыптастыруға үлкен үлес қосқанын айтқан өңір басшысы ат иесіне елдің атынан алғыс білдірді.
– Әлеуметтік желіден елдің аты жеңіске жеткенін көріп, бір қуансақ, жүйрік иесі жерлесіміз екенін естіп тағы бір марқайып қалдық. Наурыз соңында тағы бір жарыс бар екенін білеміз. Сол сында да биіктен көрініп, қалың қазақты тағы бір желпіндірулеріңе тілекшіміз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Елдің құрметіне разы болған атбегі Тілек Мұхамбетқалиев әлемнің үздік 16 сәйгүлігі арасына өткен Кабирхан наурызда болатын бәйгеден намысты қолдан бермейтінін айтты.
– Облыс атбегілерінің жетістігі туралы естіп біліп жатырмыз. Оралда ипподром салынатыны туралы хабар да көпшілікті қуантты. Шабандоздар мектебін ашып, бәйге шапқан жастарға қолдау білдіріп жатқан елдегі жалғыз өңір біздің облыс. Бұл жергілікті «Бәйге» федерациясы мен әкімдіктің тізе қоса атқарған үлкен жұмысының көрсеткіші. Басталған жұмыс осы бағытта жалғасар болса, елден сәйгүлік шығатын күн жақын бола түсері сөзсіз, –деді Тілек Мұхамбетқалиев.
Сондай-ақ биыл болатын бүкіләлемдік көшпенділер ойынына дайындалып жатқанын жеткізген атбегі Қазақстан елінің намысын қорғайтын тұлпарын Орал атынан шығаруды жоспарлап жатқанын айтты.
Облыс орталығында бой көтеретін ипподром жайын қозғаған өңір басшысы атшабарға арналған жер телімі дайын екенін, тек нысан жоба-жоспарының реттелуін күтіп отырғанын тілге тиек етті.
– Бұрынғыдай кез келген спорт қаржысын бюджет мойнына жүктеп қоя алмаймыз. Былтыр өңірде «Бәйге» бөлімі ашылды. Нақты жоспары бар, елге пайдасы тиер олимпиадалық және ұлттық спорт түрін қолдаймыз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Кездесу барысында танымал атбегі Берік Есенғалиев пен облыстық «Бәйге» федерациясының басшысы Сатқали Байзуллин сөз алып, өңір әкімдігінің қолдауының арқасында ашылған шабандоздар мектебінің оқушылары спорттық разрядтарға қол жеткізіп, жетістігін құжаттауға мүмкіндік алғанын айтты. Соның арқасында ұлттық спортқа ынтасы артқан талай жас оқуға түскен кезде де біраз жеңілдікке ие болған. Сол күні басқа өңір шабандоздары Батыс Қазақстан атынан жарысқа қатысқысы келетін болыпты.
Жиын соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Кабирхан сәйгүлік пен иесінің суреттерін арнайы баннерге орнатып, ұлттық спорт жетістігі әлемдік додада жеңіске жеткен спортшылар насихатынан кем болмауы керек екенін ескертті. Сонымен қатар өңір басшысы Кабирхан жүйріктің жетістігі елдегі басқа шабандоздар мен атбегілердің спортқа, бәйгеге деген ынтасын күшейтіп, жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыратынына сенім білдірді.
– Елдің атын шығарған кез келген спортшы құрметке лайық. Ешкімнің еңбегі елеусіз қалмайды. Ат құлағында ойнаған елдің ұлдары әлемді аузына қаратып, төрткүл дүние көз тіккен бәйгенің жеңімпазы атанған сәйгүлік пен оның иесін ерекше қадір тұтады, – деген Нариман Төреғалиұлы Тілек Мұхамбетқалиевке алғыс білдіріп, ерекше сый тарту етті.
Облыс жұртының құрметіне разы болған атбегі болашақта да қазақ елінің атын шығаруға күш салатынын жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Суреттерді түсірген Лунара Аманғалиева