5.02.2024, 18:00
Оқылды: 66

Бөрлі ауданында жыл басталғалы 16 адам қызылша жұқтырған

Бөрлі ауданында жыл басынан бері қызылша жұқпасының 16 жағдайы тіркеліп, барлығы да зертханалық әдіспен расталған. Бұл туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары айтты. Науқастардың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар. Эпидемиологиялық тексеру барысында 10 адамның қызылша жұқпасына қарсы екпе алмағандығы анықталды.

медицина жп бурли (11)

Фотоға түсірген: Мария Пирог

Ал Ақсай қаласы әкімдігінің телеграм каналында қаладағы № 5 «Ертегі» бөбекжайында ЖРВИ, қызылша және желшешек вирустарының таралуын азайту және алдын алу мақсатында балабақша санитарлық өңдеуге байланысты жұмысы уақытша тоқтатылатындығы жайында хабарлаған болатын.

Қазіргі уақытта қызылша - кең таралған жұқпалы ауру. Бұл ауру түрімен көбінесе балалар ауырады. Ол алғашқыда суық тию белгілері сияқты дене қызуының 38-40°C дейін көтерілуімен басталып, мұрын, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады. Көздің қызаруы, ұртта ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайтын белгілер. Сонымен қатар әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу және тағы басқасы.

Үш күнде теріге біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап ары қарай бүкіл денеге шығып, қаптап кетеді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түсіп, жұғады.

Қызылша ауруының алдын алуға болатын ең сенімді шаралардың бірі – вакцинация. Екпе алу арқылы адамда тұрақты иммунитет қалыптасады. Егу күнтізбесіне сәйкес алғашқы екпе бала 1 жасқа толғанда, екіншісі 6 жаста егіледі.

Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам кез келген жаста осы ауруға шалдығуы мүмкін. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адамның ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшінде екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды. Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале