6.02.2024, 11:00
Оқылды: 105

Ауғанда атылған оқ немесе отқа оранған тағдырлар

Бейбіт өмір бесігінде тербеліп өскен ұрпаққа соғыс деген жат ұғым. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңын ала кәмелеттік жасқа толған бозбалалар да: «Екі жыл екі айдай болмайды, Ертең-ақ солдат боп оралам» деп әскерге әндетіп аттанды ғой...

cE3kl98pG9oW7DsIbBd7fyyhwnXSYN

Әттең, сонда олардың бірқатары кешікпей қанды қырғын ортасына түсіп, тағдырлары отқа оранатынын сезді деймісіз?! Бұл кезең заман желі терістіктен соғып, КСРО-ның оңтүстіктегі көршісі Ауғанстанда билікке талас-тартыстың ширығу шегіне жеткен шағы еді. Қай жерде соғыс болса, соның шоғын үрлеуге әуес АҚШ-та қарап қалмай, ығына жығылғандарды қару-жарақпен қолдап, сына қағу саясатын шебер жүргізе білді. Әрі о бастан атыс-шабысқа әбден үйренген ауған содырларының Орта Азия елдеріне кез келген уақытта баса-көктеп кірмесіне кепілдік жоқ-ты. Сондықтан Ауғанға Кеңес әскерінің шектеулі контингентін енгізу туралы «үлкен үй» арнайы шешім қабылдауға мәжбүр болады. Артынша, яғни 1979 жылдың 25 желтоқсанында Түркістан әскери округі құрамындағы 40-шы армия аталған елдің шекарасын қиып өтеді. «Білмеген жердің ой-шұңқыры көп» демекші, мұндағы су тапшылығы, түрлі жұқпалы аурулар, тау шатқалдарындағы адам төзгісіз сарышұнақ аяз бен ойпаттағы 60 градус аптап ыстық сардарлар мен сарбаздарды сынап бағады. Бұдан бөлек бетпе-бет келмей, тасадан оқ жаудыратын дұшпандардың (душман) әрекеті де өз қиындықтарын туғызады. Майданның аты майдан, «жарияланбаған соғыстың» алғашқы құрбандарының мүрделері салынған табыттар да туған топырақтарына жөнелтіліп жатады. Буыны бекіп, бұғанасы қатып үлгермей, ажал қамытын киген бейкүнә бозбалалардың обалы кімге?! Шер ағамызша (Мұртаза) айтқанда, сұрағы бар да, жауабы жоқ, бір кем дүние! Ауған соғысының тірі куәгері, қаруластарының қамымен мойынына үлкен жүк артып жүрген Беркінғали (Ғабделов) бауырымызбен һәм құрдасымызбен екеуара әңгіменің әлқиссасында айтылған жайлар ғой бұл...

стелла жп мади

Енді осы тақырыпқа қатысты қолда бар құжаттарға сүйенсек, он жылда (1979-1989 ж. ж.) Кеңес әскері құрамында Ауғанға жіберілген 22 мыңдай қазақстандықтың 761-і жат жерде жантәсілім болған. Жазмыштың жазуымен із-түзсіз кеткендер мен тұтқынға түскендер саны – 417. Кейіннен тірлік тіні үзілмеген 119-ы босатылыпты. Ақ Жайық өлкесінен аттанған 1021 солдаттың 27-сі майдан даласында ажал құшса, оралдық Хамбал Ахнатұлы Ғамбаров 1980 жылдың 6 тамызы күнгі Балх провинциясы маңындағы кескілескен ұрыстан соң ұшты-күйлі жоғалған. Бүгінде Оралдағы Жеңіс алаңында сол боздақтардың тас мүсіндері тұр. Артында қалған ағайынның көңіліне бұл да медеу. Ескерткіштің маңдайына: «Армандарын айырбастап ажалға, Туған жерге қайтпай қалған қыршындар» деген өлең шумақтары ойып жазылған (Бахытбек Смағұл).

Иә, мұның бәрі – тарих тақтасына түскен деректер. Жалынды жастығы оқ пен отқа оранған осынау оғландарымыздың бәрі де үлкен сый-құрметке ие. Жоғарыдағы мыңдық саны (1021) қазір 656 адамға түссе, мұның 74-і – түрлі топтағы мүгедек. Өткен қаңтар айының өзінде бес Ауған соғысы ардагері «қатардан» шығып, мәңгілік мекеніне жайғасыпты. Өмір-өзен ағысынан жаңылмай алға асқанымен, ерлік ел есінде қалары хақ. Қарларына қару асынып, ерте есейген жігіттердің әрқайсысының ғұмырбаяны да шытырман оқиғаға толы. Бұған мысал ретінде дұшпанының өзі атынан үркіп, оның көзін жоюға асыққан Сырым топырағының перзенті Майдановтың қаһармандығын айтсақ та болады. Бір шайқаста тік-ұшағын 36 жерден оқ тесіп, сонда да «құламай» қонған қайсар Қайыркелді (Николай) Сайынұлы Майдановқа 1988 жылдың 29 шілдесінде Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, 2000 жылы Ресей Батыры атанады. 44 жасқа қараған шағында қазаға жолыққан қыран ұлдың денесі Санкт-Петербор қаласындағы Серафимов бейітіндегі Батырлар аллеясына жерленген.

Ат басын қайтадан Ауғанда атылған оққа бұрсақ, ақпанның 15-інде Кеңес әскерінің ол жақтан шығарылғанына 35 жыл толады. Десек те, жаралы жылдар жаңғырығы бәсеңдемей, біртіндеп көмескі тұстардың көбесі сөгіле түсуде. Шынында, бұл соғыс кімге қажет болды? Ол енді бөлек тақырып, бөлек әңгіме.

– 35 жыл! Аз да, көп те уақыт емес. Бүгінде замандастардың дені алпыстың асуынан асты, яғни үлкендіктің ауласына енді. Өмір ұзаған сайын өткен күн өрнектері көз алдыңда қаздай тізіліп, қайта елес беретіндей ме, қалай өзі?! 1989 жылдың 15-ші ақпанында Өзбекстанның Термез шекарасында 40-шы армия қолбасшысы, генерал-майор Б. Громовтың Кеңес әскері Ауғанстаннан толық әкетілгендігін хабарлағаны әлі есте. Осы сәттің қуанышын оған ортақтасқандар ғана терең түсінеді әрі есінен шығармайды. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» дегендей, егемен еліміздің әр аймағында қазір Ауғанда әскери борышын өтегендердің бірлестігі қызмет атқарады. Ондағы мақсат – жастарға патриоттық тәрбие беру ісіне атсалысу, соғыста қаза тапқандардың аттарын ұлықтап, тірлік көшіне ергендеріне барынша қолұшын созу. Осы қоғамдық құрылымның мұрындық болуымен ана бір мезгілде асыраушысынан айырылғандарға пәтер берілсе, «ОКА» аутокөлігін иеленгендер де жоқ емес. Қысқасы, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілгеннен бері өзге де көмектер беріліп жатыр. Айтпақшы, ұлдарын Ауған жұтқан отбасылардан екі ата-ана қалса, ортамызда майдангерлердің екі жесірі бар. Олар біздің ұдайы назарымызда, мерекеалды берілетін ертеңгі біржолғы қаржылай көмектен де сырт қалмайды, – деген «Батыс Қазақстан облысы бойынша Ауғанстан соғысының мүгедек-ардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б. Ғабделов одан әрі төмендегі жайларды тілге тиек етті.

Беркінғали Серікұлының айтуынша, осыдан бес жыл бұрын 15-ші ақпан Үкіметтің арнайы қаулысы негізінде кәсіби мерекелер тізіміне енсе, былтыр Астана төрінде өткен орталық кеңес сиезінде 35 жылдық аясындағы жұмыстар тиісті министрлік өкілдерінің қатысымен жан-жақты сараланған. Ал енді өз өңірімізге келсек, облыс әкімдігі бекіткен жұмыс жоспарына сай мәдени-көпшілік шаралар басталып кетіпті. Мәселен, «Жауынгерлік түгендеу» республикалық акциясымен қатар жүрген «Ауғанның от-жалыны» атты патриоттық шығармалар байқауының аудандық кезеңі мәреге таяу. Мұның соңы ақпанның он төртінде «АMANAT» партиясы ғимаратының мә-жіліс залында облыстық әскери патриоттық әндер сайысының гала-концертімен түйінделмек. Жалпы 35 жылдыққа 35 іс-шара белгіленсе, олардың ішінде жауынгер-интернационалистерге арналған барлық ескерткішті (мемориалдар, мәңгілік алау, монумент, т. б.) қайта абаттандырып, белгіленген мезгілде әрқайсысына гүл шоқтарын қою, жоғары, арнаулы оқу орындары мен мектептерде кездесулер ұйымдастыру, мүмкіндігінше оған келте үзілген ғұмыр иелерінің тума-туыстарын шақыру, мұражайлар мен кітапханаларда ерлікті насихаттайтын тақырыптық стенділер мен бұрыштар жасақтау секілді маңызды тапсырмалар бар. Осы ретте «Борис Керімбаев. Паншер патшасы» деректі фильмін көрермендер назарына ұсынуда ұмыт қалмаған. Әрін айт та, бірін айт дегендей, айтулы күннің айшықты шаралары 15-ші ақпанда Орал шаһарындағы «Атамекен» өнер ордасында қорытындыланады. Облыс басшылығының қатысымен өтетін аталмыш жиында мерекелік марапаттар мен естелік медальдар да өз иелерін таппақ.

*  *  *

Бет қатталып жатқанда тынымсыз да тындырымды ісімен танылып жүрген төраға қайыра қоңырау шалып, Ақжайықтың Бударин ауылындағы мектеп-бөбекжайында (төмендегі суретте) «Батырдың ерлігіне жүрегіңмен жақында» деген тақырыпта облыстық семинар-кеңес ұйымдастырылғанын жеткізді. Жиынға Ақжайық аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Дархан Қалимеденов, ауған соғысының ардагерлері, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері және білім ұясының шәкірттері қатысқан. Осы ауылдың тұрғыны, ауған ардагерінің анасы Шамақова Мақпал апайға да орынды сый-құрмет көрсетіліпті. Сонымен бірге меймандар естелік альбомға өз қолтаңбаларын қалдырып, мектеп көркемөнерпаздарының тартымды концертін тамашалаған. Келесі кезекте де маңызды кездесулер күтіп тұрған көрінеді.

 

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале