6.02.2024, 17:15
Оқылды: 58

Түркия елінде өтетін жарысқа дайындық үстінде

Бөрлі ауданы Ақсайда орналасқан «Балалар өнер мектебі» әр түрлі сала бойынша балаларды оқытады. Солардың қатарында театр бөлім де бар. Қазіргі кезде бөлімде 6-11 жас ерекшелігіндегі 28 оқушы қазақ және орыс тілінде білім алуда. Осы уақытқа дейін олар көптеген ертегіні сахналаған.

театр (3)

Театралды бөлім 6 пән бойынша сабақ жүргізіп, тереңдетіп оқытады. Олар әртіс шеберлігі, сахна тілі, сахна қозғалысы, ырғақ, қазақ театр тарихы және спектакль қойылымы атты пәндерін оқытып, балаларға сахнада өздерін қалай ұстау керектігін үйретеді. Бөлім тәрбиеленушілері әр түрлі жарысқа қатысып, жүлделі орындар да алып жүр.

театр (4)

Жақында бөлім оқушыларының бірі Наз Бекболатова халықаралық жарыста өнер көрсетіп, топ жарды. Ол өнер мектебінің екінші сыныбында оқиды. Бөлім оқушылары қойылым қойып қана қоймай, шығармаларды мәнерлеп оқуға да үйренеді екен. Тіпті жарыстарға көркем сөз аталымы бойынша да қатысады. Наз аз уақыттың ішінде республикалық, халықаралық жарыстарға қатысқан. Мысалы, 2022 жылы республикалық «Ғажайып әлем» байқауында І орын, 2023 жылы республикалық «Ұлы дала ұрпағы» байқауында Қадыр Мырза Әлінің «Бақыт» поэзиясымен І орын алып, Алматы қаласына жолдама алған. 2023 жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен «ART BAITEREK» байқауында Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасынан монолог оқып, бас жүлдені қанжығасына байлап, Түркия еліне жолдама алыпты. Бұл жарыста Наз 10 жастағылардың арасында бақ сынап, көркем сөз аталымы бойынша топ жарды. Өлең және кітап оқуды жақсы көретін Наз, алдағы уақытта да көптеген жарысқа қатысып, өнерін шыңдағысы келеді. Қазіргі таңда Түркия елінде өтетін жарысқа дайындалу үстінде. Назды осындай жарыстарға дайындап, өнерін шыңдап жүрген оқытушысы Алтынгүл Қазенова.

Наз

Бөлім жетекшісі балалардың қойылым қоюға деген қызығушылықтары жоғары дейді. Алтынгүл Амангелдіқызы ұстаз ретінде театр қойылымы баланы тәрбиелеуге көмектесетін құралдардың бірі деп санайды. Сонымен қатар ерте жастан рөл сомдау баланың сөйлеу мәнерін жақсартып, жан-жақты дамуына ықпал ететіндігін де айтып өтті. Жетекшінің айтуы бойынша балалар қарттар үйіне, балабақшаларға барып, қойылымдар қойып, өнерлерін көрсетіп жүр екен.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале