Оқушылардың қауіпсіздігі басты орында. Сол себепті әр шәкірт қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Оқушылар игілігі үшін білім ошағы маңындағы жол инфрақұрылымы да білім алушыларға қауіп төндірмеуі қажет. Күні кеше облыс әкімдігінде өткен жиында осы мәселе талқыланды.
Өңір басшысының орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен өткен басқосуда облыстық полиция департаменті мен жол және коммуналдық қызмет мекемесімен бірлесіп, 865 тексеріс өткізгені жайында айтылды.
Полицейлер мен коммуналшылар 365 - мектеп, 451-мектепке дейінгі нысан мен 49-қосымша білім беру мекемесін тексерді.
Нәтижеінде біраз мектепте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық құралдардың жетіспеушілігі анықталған.
Бірқатар мектеп маңында бағдаршамдар, жол кедергілері жоқ екені де тексеріс барысында белгілі болған. «Назар аударыңыз балалар», «Жылдамдықты асырма» сияқты ескерту белгісі бар 900-ге жуық белгі жетіспейтіні анықталды.
Ол туралы арнайы баяндама жасаған облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Александр Плешаков мәлімдеді.
– 323 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері, 229 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі, 244 мектеп жанында орнатылған жасанды кедір бұдыр, 321 жаяу жүргінші қоршауы, 447 «Назар аударыңыз, балалар» жол белгісі, 400 «Жылдамдық шектеу» жол белгісі, 341 жеке жобалаумен орнатылған жол белгісі, 143 көше жарығы, 405 көлік тұрағы, 236 тротуар қажет. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша 29 ұйғарым жолданып 5 лауазымды тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, – деді А.Плешаков.
Сонымен қатар жазғы кезеңде жалпы білім беретін және мектепке дейінгі мекемелердің орналасқан жерлерінде көше-жол желісін тексеру нәтижелері негізінде 121 нұсқама беріліп, оны орынамаған үш лауазымды тұлға ӘҚБтК-нің 462-бабы бойынша жауапқа тартылғаны да сөз болды.
Жиында 2023-2025 жылдарға арналған оқу орындары маңындағы жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жасалғаны айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов кеңеске қатысқан жауапты мекеме басшыларына тиісі тапсырмалар жүктеді.
Ол өз сөзінде оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеген кешенді жоспарды пысықтай түсу керектігін айтты.
– Полиция департаменті жоспарды ақпанның 13-не дейін толық аяқтап, облыс әкімі мен оның тиісті салаға жауапты орынбасарының келісімімен бекітуі керек. Сонымен қатар қаржы басқармасы жоспарды іске асыруға қажетті қаржы көздерін қадағалауға алсын. Оған жауапты маман бекітілуі керек, - деді Б.Нарымбетов.
Түгелбай Бисен,
Фото: Мәди Салық
zhaikpress.kz