8.02.2024, 11:15
Оқылды: 117

Құқықтық актілерді қадағалайды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рашқалиев 2023 жылы департаменттегі атқарылған жұмыс туралы баян етті.

естай

Фото: БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінен

– Былтыр департамент жергілікті атқарушы және өкілді құрылымдардың 216 нормативтік-құқықтық актісіне заң сараптамасын жүргізіп, мемлекеттік тіркеуден өткізді. Тіркелген актілер негізінен ауыл шаруашылығы, білім беру, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Тіркелген актілер туралы мәліметтерді тұрғындар нормативтік-құқықтық актілер эталондық бақылау банкінен, интернет арқылы «Әділет» құқықтық ақпараттық жүйесінен оқып, өз пікірлерін қалдыра алады. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге қайталама мониторинг жүргізіліп, олардың заңдылығы қамтамасыз етіледі. Осындай мониторинг нәтижелері бойынша жергілікті мемлекеттік басқару құрылымдарының 53 актісін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес келтіру қажеттігі анықталып, тиісті шаралар алынды. Егер де жергілікті әкім, әкімдік немесе мәслихат қабылдаған құқықтық актілерге байланысты сұрақтар туындаса, онда азаматтардың сол актіні әзірлейтін не қабылдайтын тиісті жергілікті мемлекеттік басқару құрылымына немесе әділет департаментіне хабарласуына болады, – деді Естай Елтайұлы.

Спикердің баяндауынша, басқа мемлекеттерде білім алу немесе жұмысқа шетелдерге шығу кезінде азаматтардан ресми құжаттарға апостиль белгісін қою талап етіледі. Апостиль – құжатқа қол қойған адамның қолын және оның өкілеттіктерін растайтын арнайы мөртаңба. Әділет департаменті әділет және өзге мемлекеттік құрылымдардан, сондай-ақ нотариустардан берілетін ресми құжаттарға апостиль қояды. Апостиль қоюға жататын ресми құжаттар ретінде еліміздің заңымен ратификацияланған шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияның 1-бабына сәйкес құжаттар қабылданады. Конвенция аясында 148 мемлекет ресми құжаттарға апостиль қоюды талап етеді. Апостиль қоюға негізінен шетелдерде оқуға ниеттенген талапкерлер көп жүгінеді.
Құжатқа апостиль алу үшін 0,5 АЕК көлемінде мемлекеттік баж төлемін растайтын түбіртекті және тиісті құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалына немесе «е-Апостиль» порталы арқылы жолдауға болады.

Есептік мерзім ішінде апостиль қоюға 1493 құжат түсті, оның 752-сі немесе 50,3%-ы «е-Апостиль» жүйесі арқылы электронды түрде ұсынылған. Аталмыш жүйе арқылы электронды түрде арыз тапсырған тиімді. Әділет құрылымдары коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуден, олардың филиалдары мен өкiлдiктерін есептiк тiркеуден өткізеді. Мысалға, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік және жеке мекемелер, қорлар, қауымдастықтар, ПИК, мүлік иелерінің бірлестіктері, тұтыну кооперативтері сияқты коммерциялық емес заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуге алады. Ал коммерциялық мақсаттағы заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу, қайта тіркеу қызметін «Азаматтарға арналған үкімет» МК филиалы жүзеге асырады. Бұл ретте әділет құрылымдары осы салада бақылау жасайды, тіркеуші құрылымға әдістемелік көмек көрсете отырып, тексерулер жүргізеді.  Қазіргі кезде облыста 470 ҚБ, 136 қор, 27 қауымдастық тіркелген. Республиканың барлық аумағында әрекет ететін республикалық ұйымдарды, саяси партияларды мемлекеттік тіркеу – Әділет министрлігінің құзыретінде.

– Өткен жылы зияткерлік меншік саласындағы заңнамаларды бұзғаны үшін «Адидас» және «Эпл» тауар белгісі иелерінің өтініші негізінде 7 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 158-бабына сәйкес (бөтен тауар және қызмет көрсету белгілерін, тауар шығарылған жердiң немесе фирмалық атауларды заңсыз пайдалану) құқықбұзушылар әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл саладағы жұмыстар өзге де мемлекеттік құрылымдармен бірге жалғасады. Аталған сала бойынша тексерулерден басқа департамент зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы заңнамаларды түсіндіру бойынша 325 іс-шара өткізді, – деді Е. Рашқалиев.

 

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале