Бәйтерек ауданы Махамбет округінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны - 76. Онда 202 адам жұмыспен қамтылған. Былтыр ауылдағы тауар айналымының көлемі 305 миллион теңгені құрады.
Ауыл тұрғындарымен болған есептік кездесуде округ әкімі Бейбіт Аманғалиевтің баяндауынша, биыл Шымкент - Самара тас жолы бойында жүк автокөліктерді жөндеу станциясын ашылмақшы. Сонымен қатар жаңа жанар-жағар май құю бекетінің құрылысы жүргізілуде, көп кешікпей сауда үйінің қабырғасы қаланбақшы.
Былтыр «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Махамбеттен 24 адам қатысып, 163 миллион 928 мың теңге несие алған. Сөйтіп жоба аясында 18 сүтті мал, 1 ассенизатор көлігі алынып, 2 сауда үйі және дүкенді кеңейту жұмысы жүргізіліп, жеңіл және жүк автокөліктерін жөндеу бағытында қызметтер қолға алынып, 1 кулинария іске қосылды. Былтыр ауылдық округте 320 тонна ет, 51,4 тонна сүт, 255 мың дана жұмыртқа өндірілген.
2023 жылы өткен есептік кездесуде айтылған ескертпелер негізінен ауыз су құбырын жөндеу, су сорғыларын ауыстыру, жарықтың жиі өшуі, мәдени іс-шаралардың дұрыс ұйымдастырылмауы туралы болып еді. Бұл олқылықтарды жою бағытында шаралар алынуда.
Жиында ауылішілік жолдардың жөнделуі, көшедегі арықтарды қалпына келтіру мәселелері көтеріліп, бұл бағытта аудан әкімі Марат Тоқжанов нақты жауаптар берді.
Нұрсәуле Жәнібекқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz