Бәйтерек ауданының Переметный ауылында Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне шаңғыдан жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасында аудандық ашық біріншілік ұйымдастырылды. Жарысқа арнайы қонақ болып ауған соғысының ардагерлері Андрей Коверин мен Жақсылық Майкенов қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған ауған соғысы ардагерлерінің аудандық ұйымының жетекшісі Андрей Коверин қазіргі таңда жауынгер-интернационалистер еліміздегі, соның ішіндегі ауданымыздағы түрлі іс-шараларға атсалысып, жергілікті атқарушы құрылым, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жасап келетінін атап өтті.
Оның айтуынша, бәйтеректіктер оларға әрқашан үлкен құрмет көрсетіп, іс-шара, кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Бүгінгі жарыс соның айқын дәлелі. Өскелең ұрпақтың өмірі бейбіт те тыныш, жарқын да жасампаз болуын тілейтін ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі мен тәлімі әрдайым үлгі.
Сайысқа жас ерекшеліктеріне сәйкес он ауылдан келген шаңғышылар қатысты. «Үй иелері» мен янайкиндіктер жақсы дайындықпен келгені бірден байқалды. Нәтижесінде үздік атанғандар арасында байқонстық А. Алдияров, янайкиндік Н.Стабаев, С.Бекешов және Я.Красникова, Переметныйдың намысын қорғаған О.Жәкебаев, Д.Мусалимов пен А.Қанатқызы, А.Сақиева, егіндібұлақтық А.Қалимат бар.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Переметный ауылдық округінің әкімі А.Герасимов және ауған соғысы ардагерлері марапаттады.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz