Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында орман өрті мәселелері талқыланып жатыр. Отырыста депутат Еділ Жаңбыршин орман өрті салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Фотоға түсірген: Рафхат Халелов
- Соңғы екі жылдағы екі ірі өрттен келген залалдардың сомасы 182 миллиард теңгені құрап, 100 мың гектардан астам орман жойылды. Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді, - деді депутат.
Жаңбыршиннің айтуынша, осы іс-шараларға есеп бойынша 150,9 миллиард теңге қажет болады. Яғни жалпы шығын шамамен 384 миллиард теңгені құрап отыр.
- Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес республиканың барлық орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін 68 миллиард теңге қажет екен. «Сараң екі төлейді» деген сөз бар. Жалпы шығын қажетті сомадан бес жарым есе асып тұр. Үкімет қажетті соманы тез арада шешіп, бүкіл материалдық-техникалық базаны реттеп алғаны тиімді емес пе? – деп айтты мәжілісмен.
Еділ Жаңбыршин бұл мемлекет үшін де, табиғат үшін де пайдалы болатынын қоса кетті.