13.02.2024, 9:45
Оқылды: 128

Бұралқы ит-мысық қашан азаяды?!

Орал қалалық әкімдігінің және ветеринариялық станса басшылығының  назарына!

№2 автобус екпіндетіп келіп, соңғы аялдамаға тоқтады. Қоғамдық көліктің автоматты хабарламасы «Соңғы, «Ет комбинаты» аялдамасы» деп екі тілде саңқ ете түсті. Есікке ұмтылған адамдармен бірге ұлымды жетектей мен де тысқа беттедім. Аялдамадан түскен бойда жүні сабалақ-сабалақ сары ит, құйрығын бұтына қысқан қара ит, тұмсығымен жер тіміскілеген қоңыр қанден әдеттерінен жаңылмай бізді «қарсы алып», біраз жерге дейін «шығарып салды». «Кет!» деп даусыңды шығарып жекіп қоймасаң, «Жейтін не бар?» дегендей, қол дорбамыздың сыртынан иіскеп, сәл болмағанда қолымыздағы бар «тапқан-таянғанымызды» тартып ала жаздайды. Сөйтіп, дүкенге барғанша бес ит, үйге барғанша тағы бес ит ілесіп барып, ілесіп келеді. Бұл — «Ет комбинатындағы» елдің күнделікті көретін көрінісі.

ит

Қаланың шетінде орналасқан бұл ауданға қоныс аударғанымызға аса көп уақыт болмаса да, қаңғыбас иттер әбден мезі етті. Айнала шашылған қоқыс, әр жерде ұшқан пакет, қоқыстан тапқан тамаққа ырылдаса таласқан ит, қаумалаған иттен әкесінің тасасына тығылған бала, мұның барлығы – «Ет комбинатының» бүгінде мен көрген сипаты. «Осы бір иттерді сүмеңдетпей, көздерін жояр ма еді!», жұмысқа бара жатып та, келе жатып та қайталайтын сөзім – осы. Өз пайымдауым бойынша, әуел баста адам баласы итті малға қарауыл болсын деген мақсатта қолға үйретсе керек. Сол себепті иттің орны малды ауылдар мен қыстақтар деп білемін. Ал бүгінгідей қаңғыбас иттердің қала кезуі – тұрғындар үшін аса қауіпті жайт. Ит небір жұқпалы ауру мен ішек құрттарының тасымалдаушысы екенін мамандардың өзі де дабыл қағып айтып келеді. Сонымен қатар құтырған иттен келер қатерді ойлаудың өзі қорқынышты. Осы орайда өз көзіммен көрген қауіпті оқиғалардың бір-екеуін айтып өтейін.

Әдеттегідей жұмыстан келе жатырмын. Үй алдындағы шағын футбол алаңының ішінде 5-6 ит топтасып жүр. Қолында добы бар 9-10 жасар бала алаңның ішіне кіріп ойнамақшы болды. Алаңның кіреберіс есігіне қарай жақындап, топтасып жүрген иттерге «Кет! Шық!» деп жекігені сол еді, иттер балаға қарсы шауып, үріп тап берді. Бала зәресі ұшып, айқайлай қаша жөнелді. Менің ауаны тіліп өткен «Кет, жоғал! Кет, жоғал!» деген үрейге толы ащы даусымнан кейін арпылдаған иттер жөніне кетті. Маңайда ересек адам болмаса,  мектеп оқушысын иттердің талап тастамасына кім кепіл?!

Кезекті оқиға күні кеше ғана орын алды. Ойымда ештеңе жоқ, дүкеннен шығып келе жатырған бойым. Дүкен алдын торуылдаған иттердің бірі үн-түнсіз жаныма келіп «арс» ете қалды. Оқыстан келген иттен шошынғаным сонша – тұрған  орнымнан не алға, не артқа жүрместен қаттым да қалдым. Ашумен итті «әкесінен бері қарай» сыбап алдым. Сол оқиғадан кейін жаныма жақындап, артымнан сүмеңдеген әр итке үреймен қарайтынды шығардым.

Балалар жарық түспей сабағына барады, екінші ауысымдағы оқушылар сабақтан шыққанша қараңғы түседі. Сол уақытта тұрғындардың көпшілігі көшедегі иттен қауіптеніп, бала үйге жеткенше жанын шүберекке түйіп отырады. Барлығымызға белгілі, 2021 жылғы 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң күшіне еніп, бұралқы жануарларды жоюға біржола тыйым салынды. Өз басым, осы заңның талаптарына қарсымын. Бұралқы ит-мысықты азайтпай, көзін жоймай, біз айнала толған қоқыстан да құтылмаймыз, «Құтыру» деген қауіпті кеселдің де алдын ала алмаймыз! Заңды қолданысқа енгізбес бұрын елдің пікірі сұралатыны қайда? Осы заңның әр тарауында мен түсінбей, басымды шайқайтын жайттар жетерлік...

Қоқыс аралаған ит-мысыққа «орекеңдердің» махаббаты ерекше. Аралап соларға тамақ тауып береді, ыдыс әкеліп сүт құяды. Өзі бырқыған жерге, әр талдың түбіне картон, ағаш, ескі төсеніштерді төсеп, тіпті кейбірі үйшік жасайтынын қайтерсің? Мен тұратын аймақтың ахуалы осындай. Аялдама атауын «Ит комбинаты» деп өзгерте салса да болатын секілді. Шынында, «Ет комбинаты ма», әлде «Ит комбинаты ма?!».

Жансая Жұмажанқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале