14.02.2024, 17:58
Оқылды: 65

Ауған асуынан аман оралғандар кімдер?

Осыдан 35 жыл бұрын 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстан жерінен шығарылды.

IMG-20240214-WA0234

Бұл қантөгіс ортасында болған жауынгерлер үшін, бауыр еті – баласының шет жердегі соғыстан аман келуін тілеген ата-аналар үшін есте қалған күн.

Дәл осы күні шет жерде, Отан алдындағы борышын өтеуде қаза болған сарбаздарды еске алып, ортамызда жүрген ардагерлерге құрмет көрсетеміз.

IMG-20240214-WA0235
Осы үрдіспен Теректі ауданының Ақжайық ауылдық мәдениет үйінде «Ауғандық жауынгер ерлігі» тақырыбында шара өтті.

Аймақтық мәдениет қызметкерлері, Ақжайық ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ауылдық кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдастырған кездесуге Ауғанстан асуларынан аман оралған азаматтар шақырылды.
Кездесуге шақырылған қонақтар қатарында «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Салауат Мұқановтың жұбайы, ардагер ұстаз Роза Аужанқызы, «Бауыржан Момышұлы атындағы», «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері Мәлік Кенжалиев болды.

Соғыс қимылындағы ерліктері үшін кеудесіне медальдар таққан Алтай Қосмурзиев, Бауыржан Мұшаев, Ғабделманап Бақытжанов, Михаил Крутущенко де басқосуға арнайы шақырылды.
Ауғандық сарбаздар құрметіне жиналған халық 1 минут үнсіз, тік тұрып қаза тапқандар мен соғыс зардабынан қайтыс болғандарды еске алды.
Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадырәлиев жиналған ардагерлерге жылы лебізін айтты.

Әр қонақтың өмірі бейнебаян көрсетіліп, ардагер Мәлік Кенжалиев естелік айтты.
Кездесу Ақжайық, Аңқаты, Сарыөмір, Шағатай, Абай, Ақсоғым, Қоғалытүбек, Үлкен Еңбек ауылдарының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Шара соңында ұйымдастырушылар әр ардагерге алғысхат пен естелік сый ұсынды.

Мәруа Молдағалиева,
зейнеткер ұстаз,
«Қазақстан Республикасының білім озаты»
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале