Оған өңірдегі ірі су жүйелерін қайта қалпына келтіру арқылы қол жеткізілетінін мәлімдеді облыс басшысы Нариман Төреғалиев БАҚ өкілдерімен кездесу барысында.
Атап айтқанда, өңірде ауыл шаруашылығы жайылымдарын суландыру бағытында ұзындығы 185 шақырым құрайтын үш магистраль каналын қайта жаңғырту жұмысы жүруде. Бүгінде ұзындығы 66 шақырым «Ащы-Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар ұзындығы 43 шақырым «Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса ұзындығы 76 шақырымды құрайтын «Жайық-Шалқар» каналын реконструкциялауға облыстық бюджеттен 476 млн теңге қаражат бөлінген. Жұмыс биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Көршілес елден сатып алынатын Еділ суына тәуелділікті азайтуды көздейтін 178 шақырым Киров-Шежін суару-суландыру жүйесін жаңғыртудың соңғы IV кезеңі де аяқталды. Жоба аясында жазғы мезгілде оңтүстік аудандарға қосымша су беру үшін шығыны 13 текше м/сек болатын насостық станса салынды.
Сондай-ақ былтыр Жайық-Көшім суландыру жүйесіне Жайық өзенінен түсетін су көлемін арттыру мақсатында ұзындығы 68 шақырым болатын Шаған арнасы мен Көшім каналын механикалық тазарту жұмыстары басталды. Жобаның құны – 2,6 млрд теңге (былтыр осы мақсатқа Ұлттық қордан 500 млн теңге бөлінді). Осы жүйе аясында сыйымдылығы 63 млн текше метр Киров су қоймасы қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар сыйымдылығы 28 млн текше метр болатын Жалпақтал су қоймасын салу жоспарда бар. Осы шаралардың нәтижесінде қосымша суармалы жерлерді қолданысқа енгізіп, мал азығын көбейтуге мүмкіндік пайда болады.
– Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселе. Мемлекет басшысы: «Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді, - деп атап өтті Нариман Төреғалиев.
zhaikpress.kz