Бүгін Жаңақала аудандық «Қазпошта» байланыс торабының жаңа нысанға көшуіне орай ашылу салтанаты өтті.
Бөлімшенің ашылу рәсіміне аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, БҚО филиалының «Қазпошта» директоры Динара Хасанғалиева, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауыл ардагерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
50 жылдан астам уақыт халыққа қызмет етіп келе жатқан байланыс торабы бұған дейін аумағы тар әрі апаттық жағдайдағы ғимаратта орналасқан еді. Ал ауданымыздың жеке кәсіпкері Гаухар Суханованың өз қаражатына арнайы тапсырыс бойынша салынып, бүгінде жалға беріліп отырған жаңа нысан 350 шаршы метр.
Бұдан бөлек, бөлімшеде сәлемдемелер супермаркеті орналасып, пошталық қызметтен басқа несие рәсімдеу, салықты төлеу сияқты қаржылық қызметтер де көрсетіледі.
Салтанатты жиынның аудан басшысы пошта ұжымына құттықтауын жолдап, толағай табыс тілесе, Динара Рысқалиқызы өңіріміздің байланыс бөлімшесі облыс бойынша үздіктер қатарында екенін айтып өтті.
Еңбек ардагері Мүнәура Абулхатина да Нұрлан Мақатов басшылық ететін ұжымның алдағы атқарар қызметтеріне сәттілік тілеп, аналық алғысын білдірді.
Сондай-ақ мерзімді баспасөзге жазылу науқанында айрықша үлес қосқан бір топ азаматқа алғысхат табысталды.
Ауыл ардагері Ғайниет Валиев пен Динара Хасанғалиева лента қиған соң жиылған жұрт жаңа ғимараттың ішін көрді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz