20.02.2024, 23:35
Оқылды: 88

Қар астында қаржы жатыр

Күнтізбеге қарап, қыстың қалған күнін санап жүрміз. Наурыз айы басталса, көктемнен хабар келеді. Қыстай қар астында мүлгіген табиғат оянып, тіршілікке кіріседі.

Іргетастың үміті

Теректі ауданына қарасты Шаған ауылдық округінің орталығы Жаңаөмір ауылының ортасында мүлгіген төрт баған да көктемнен үмітті.

IMG-20240220-WA0067

2020 жылы мердігер «ДК Домостроитель» іргетас салғанда ауылдың халқы «бұл жерде мәдениет үйі болады» деп қуанғаны-ай. Дегенмен, жұмыстың 5,8 пайызын ғана орындаған мердігер құрылысты тоқтатып тастады да, шарт біржақты тәртіппен бұзылды. Соңынан, 2021 жылы осы нысанға мердігер таңдауға төрт рет конкурс жарияланса да, құрылысқа қызығушылық танытқандар болмай тұр.

Төрт жыл бойы халық «баяғы жартас, сол жартас» болып жатырған іргетасқа қарайды.

Қар астындағы іргетас болса, құрылысқа жан бітуін күтеді....

Жапандағы жалғыз қожайын 

Осыдан төрт жыл бұрын, 2019 жылы Жаңа өмір ауылында тұрғын үй салуға жер кезегінде тұрғандар «алақайлады»...

Қуанбағанда ше... Ауыл шетінен 780 жер телімі берілді.

Тездетіп үй салып, қоныс той жасаймыз деген жоспар әлі орындалған жоқ. Оған себеп – телімдерге тартылған электр қуатын жеткізу желісі қолды болды.

Оған қоса, мердігер «ҚазЕвроСтрой» ЖШС бастаған су құбырын тарту да «су аяғы құрдым» болып кетті.

Қадам-қадам, әр жерінде сым желісі салбыраған бағандар...

Аңырайған арналар...

Қар жамылған, қожайынын күткен 780 үйдің орыны...

IMG-20240220-WA0066

Айтпақшы, 779 телім екен ғой. Бес баламен пәтер сағалаудан шаршаған Айсұлу Бахтиярова салынған баспанасына кіріп алыпты. Үйдің қасындағы шағын электр трансформаторы әрі жарық, әрі жылу береді. Суды тасып ішіп отыр.

Құбыр болса, жатыр қар астында...

Су да жоқ, жол да жоқ

Бұл –Подстепный ауылында былтыр басталған жыр.

«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыпты» демекші, әр үйге ауыз су кіреді деп қуанған тұрғындардың көңілі су сепкендей, жо-жоқ, мұздай қатты.

IMG-20240220-WA0065

Бұған дейін де көше жолы «әупіріммен» келе жатқан үлкен ауылдың бұл күйге ұшырауына ауылға таза су құбырының тартылуы себеп болған.

Су құбырына қазылған арналарға топырақ толтырылмаған. Құдықтардың маңайы апандай аңырайып жатыр. Күздей қызыл балшық кесіп, жол азабын тартқан тұрғындар көңілі алаңдаулы.

Су да жоқ, жол да жоқ.

Әзірге ақ қар астына құбыр «құпиясын» тығып жатыр.

Үй ме, үйінді ме?

Мынау сүруге кеткен ғимарат емес. Қиян-кескі блокбастер түсіру алаңы да емес.

Бұл Теректі ауылында салынып, «сақалы» сапсиып кеткен үш қабатты көппәтерлі үй.

Үй ме, үйінді ме...

Баспанаға мұқтаж, жылдап үй кезегінде тұрғандар үйлі болуды күтіп жүр.

IMG-20240220-WA0068

Қателеспесек, 2021 жылы мердігер «Нұр Құрылыс Болашақ» ЖШС бастаған үй құрылысы әлі аяқталмай жатыр. Ауданда бақандай төрт құрылыс жобасын іске асыруды мойынына алған бұл мекеме «асықпаймыз, саспаймыз, ақша сұрауды көктемде бастаймыз» деген «ән» айтады.

Тап осындай қар жамылған үй құрылыстары Подстепное, Ақжайық ауылдарында да жатыр.

IMG-20240220-WA0064

Сөз соңында: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақ.

Қыруар қаржы ашық аспан, қар астында. Нақты сомасын анықтау үшін «Теректі ауданының сәулет, қалақұрылысы және құрылыс» бөліміне хабарласқан едім. Сауалыма жауап ала алмадым.

Басы бар, аяғы жоқ құрылыстарға көктемде жан бітер ме екен?

Көктемнен үміт етейік!

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале