21.02.2024, 22:31
Оқылды: 73

Жаңақала ауданы: Сымсыз байланыстың сапасы сын көтермейді

Бүгінде ақпараттық технологияның қарыштаған заманында айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын ұялы байланыс сапасының сын көтермейтіні рас. Шалғайдағы ауыл-аймақ пен елді мекендерді айтпағанда, Жаңақала ауданы орталығының өзінде бірде ұстап, бірде ұстамайтын байланыс желісі ауыл тұрғындарының титығына тиюде. Осы орайда бүгін аталмыш мәселе төңірегінде аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың тікелей қатысуымен облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы, «Қазтелерадио», «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының БҚО бойынша өкілдері мен мобильдік байланыс операторларының жауыпты мамандары арнайы шықыртылып, аудандық мәдени-демалыс орталығында «Ашық есік күні» өтті.

IMG_1302

Былай уақытта таңның атысынан күннің батысына дейін сымсыз байланыстың сапасына шағымданып, әлеужеліге жарыса жазатын жергілікті халықтың қарасы көрінбеді. Тұрғындарға түсінік беруге келген қалалық мамандардың іштері пысты ма білмедім, телефон шұқып, межелі уақыттарын өткізді. Қай кезде де кешігіп жүретін «қазекем» бүгін де бұл әдетінен жаңылмады. Ұйымдастырушылардан бұрын келген ауыл тұрғындары Әлихан Декартұлы мен Ақжарқын Қарашева көптің көкейіндегі ұялы байланыс және ғаламтор желісінің көңіл көншітпейтіндігіне наразылықтарын білдіріп, нәтижесінде жауапты мамандар аудан орталығында 4G мобильдік байланыс желісінің жоқ екендігін және тұтынушылардың көптігінен Altel ұялы қондырғысы жылдамдығының әлсіз екенін алға тартты.

IMG_1311

Ал Мәстексай ауылдық округінің мәслихат депутаты Қобылан Мұқамбетов аталмыш округке Қазақ радиосы қажет екенін баса көрсетіп, радио желісі орнатылған жағдайда оңтүстік бағыттағы Жаңажол, Сарыкөл, Жаңақазан, Жуалыой ауылдарын да қамтуға болатынын айтып өтті. Бұл сауалға  сала қызметкері радио желісін орнату бойынша 2024 жылдың жұмыс  жоспарына Мәстексай ауылы  кірмегендіктен, нақты жауап бермеді. Алайда жұмыстанатындарын жеткізді.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале