Теректі ауданындағы Подстепный ауылында «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ филиалы, аудандық мансап орталығының ұйымдастыруымен бүгін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізудің мақсаты - жастарды, жұмыссыз азаматтарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Сондықтан бұл шараға Теректі ауданының №1, 2 пробация қызметі, жеке сот орындаушылар да жұмылдырылып, алимент бойынша берешегі бар жұмыссыз борышкер азаматтар, соттылығы бар, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар да тартылды.
Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс берушіге де іздеушіге де тиімді. Жұмыс ұсынушылар өз кәсіпорындарының мүмкіндіктерін таныстырады, ал жұмыс іздеушілер қысқа уақыт ішінде кадрларды іріктеуге мүдделі жұмыс берушілермен сөйлесе алады. Осы жерде қызығушылық танытқан жұмыс іздеуші бос жұмыс орынын таңдап, бос лауазымға өту үшін әңгімелесуден өте алады.
Подстепныйдағы жәрмеңкеде 8 жұмыс беруші 80-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде жұмыс берушілер жұмыс іздеушілерден 19 түйіндеме алды. Жұмыс күшін іздеушілердің көбі - жеке кәсіпкер. Ірі кәсіпорындардан ««Орал» Халықаралаық әуежайы» ЖШС кәсіптік мамандықты талап ететін 15 жұмыс орнын ұсынды. Подстепное ауылында жаңадан ашылған «Алтындар» супермаркетіне есепшіден бастап, сатушы, аспаз, бақылаушы, еден жуушы сияқты қызметкерлер қажет. Жалпы ауданның еңбек нарығында электр жүйелерінің маманы, кәсіби жүк көлігінің жүргізушілері, жол құрылысы жұмысшыларына сұраныс басым.
Дархан Мұхамбетов,
Теректі ауданының «Мансап орталығы»
атаулы әлеуметтік көмек көрсету және
жұмыспен қамту бойынша бөлімшесінің басшысы