2013 жылдан бастап 2021 жылға дейін ауыл әкімдерін халық қалаулылары, яғни депутаттар сайласа, 2021 жылдың шілде айынан бастап ауыл басшыларын халық тікелей сайлап келеді. Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес және аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімі негізінде 3 наурызда Күйгенкөл ауылдық округі әкімінің кезектен тыс сайлауы тағайындалған болатын. Сайлауға қатысуға үш үміткер, атап айтсақ, Асылбек Базарбаев, Фархинура Нарынова, Гүлфариза Темірғалиева өз кандидатураларын ұсынды. Осыған орай Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық мәдениет үйінде кандидаттартың бағдарламасын талқылау, біліктіліктерін халық алдында көрсетіп, таныту мақсатында пікірсайыс өтті.
Пікірсайысқа жергілікті қауымдастық, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары және облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Асланбек Ғұбашев пен Фархад Хайретдинов қатысты. Айта кету керек, пікірсайыс Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының Facebook парақшасында тікелей эфирден көрсетілді.
Жарыссөз үш кезеңнен тұрды. Ең алдымен жеребе арқылы сөйлеу кезегі анықталды. Бірінші кезеңде үміткерлер өз өмірбаянымен қоса еңбек жолын және сайлауалды бағдарламаларымен таныстырса, екінші кезеңде кандидаттар бір-бірімен сұрақ-жауап алмасты. Ал соңғы кезеңде ауылды көркейтуге ниет білдірушілерге тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарын жолдады.
Ауыл тұрғындарының сауалдарына Асылбек Асқарұлы нақты жауап беріп, әкімдікке тағайындалған жағдайда түйткілді мәселелердің шешімін табуға уәде берді. Соңында үміткерлер сайлаушыларға өздеріне дауыс беруге шақырып, бір-біріне сәттілік тіледі.
Айсұлу Жармұхамбетова,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz