Бөрлі аудандық мәдениет үйінде «Өлке дарыны – 2024» аймақтық шығармашылық өнер байқауы өтті.
Оған аудандағы кітапханалардың тұрақты оқырманы қатысып, өнерлерін ортаға салды. Фестиваль орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өтті. Шараның басты мақсаты аудандағы дарынды балалар мен талантты жастарды қолдау және анықтау. 12-15 ақпан күндері ауылдық және қалалық кітапханалардың оқырманы арасында өткен жарысқа 58 бала қатысып, олардың арасындағы үздік 20 қатысушы аудандық кезеңде бақтарын сынады.
Жарыс төрт бағыт бойынша өтті. Бірінші «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» кезеңінде қатысушылар дәстүрлі ән немесе күй орындады. Екінші кезең «Шеберлік палитрасы» деп аталады. Бұл кезеңге қатысқан балалар басқа өнерпаздар өнер көрсетіп жатқан кезде «Қыс қызығы» тақырыбында сурет салады. Келесі кезең «Батырлар жырының жыршысы» деп аталады. Бұл жерде батырлар жырынан үзіндіні мәнерлеп оқиды. Соңғы «Біз қай кітаптанбыз?» кезеңінде балалар белгілі бір шығарманы және ондағы кейіпкерді жасыруы керек, ал көрермен соны табуы тиіс.
Шара барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аңсар Дүйсенов пен орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Вероника Пермитина сөз сөйлеп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі
- Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен шығармашылық байқауына өнерлерін дайындап, келіп отырған кішкентай оқырманға алғысымыз шексіз. Байқау барысында баршаңыздың өнерлеріңізді көрдік. Осындай дарынды балалардың біздің ауыл немесе қалалық кітапхананың тұрақты оқырманы болғанына қуаныштымыз. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақ. Ер жеткенде елге қызмет ететін азамат болу үшін білімді болу керек. Білімді болу үшін кітапханалардағы кітапты көп оқу керек. Бүгінгі қатысушыларымыз аудандағы кітапханалардың тұрақты жас оқырманы, ол жерді екінші үйі санайтын балалар. Бүгінгі байқаудағы балалардың әзірлігі өте жақсы екен. Сонымен қатар осы байқауға балаларды әзірлеген жетекшілерге, яғни әріптестерімізге де алғысымды айтқым келеді, - дейді ОКЖ ждиректорының орынбасары Айгүл Тұрсынбекқызы.
Байқаудың қорытындысы бойынша «Біз қай кітаптанбыз?» кезеңінде бас жүлдені Кеңтүбек ауылдық кітапханасының оқырманы иеленді.
«Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» кезеңінде даусымен көрерменді тәнті еткен Аралтал ауылдық кітапханасының оқырманы Айболат Баймұрат «Атамекен» әнін тамаша орындап, бас жүлдені қанжығасына байлады.
«Шеберлік палитрасында» Қарашығанақ ауылдық кітапханасының оқырманы Милана Казенованың суреті бас жүлдеге лайық болды.
«Батырлар жырының жыршысы» кезеңінде Қызылтал ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Мансұр Санатов «Қобыланды батыр» жырының үзіндісін рөлге кіріп оқып, бас жүлдеге ие болды.
Барлық жеңімпаз бен жүлдегер диплом және ОКЖ-ның арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz