27.02.2024, 13:00
Оқылды: 20

Қазақстанда 23 335 үкіметтік емес ұйым тіркелген

ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі  Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай «Әділетті Қазақстан, біртұтас ұлт және берекелі қоғам құрудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі» тақырыбында республикалық диалог алаңын өткізді. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

d27c2643195a4c180369ca5392d16265_1280x720

Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Республикалық ҮЕҰ жетекшілері мен сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Айта кетейік, үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік мәселелерді шешу мен азаматтық бастамаларды дамытуда мемлекеттің негізгі әріптестерінің бірі саналады. Қазіргі таңда республика бойынша 23 335 ҮЕҰ тіркелген, оның 18 204-і белсенді жұмыс істейді. Жалпы  15 жыл ішінде ҮЕҰ саны 6,5 есе өсті.

aeecfe08c81830fc2ddccd7c134a67e2_1280x720

ҮЕҰ жобалары бүкіл әлеуметтік саланы қамтиды. Олардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, жастардың бастамасын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, білім беру, ақпарат және мәдениет салаларын дамыту, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, азаматтардың құқын қорғау, азаматтық қоғамды дамыту және басқалар бар.

«Министрлік биыл ҮЕҰ өкілдерінің өтініші бойынша Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Ақпан айының басында қолданыстағы тұжырымдаманы жаңарту бойынша ұсыныстар мен ескертулер жинауды бастадық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталған іске белсене атсалысуды сұраймыз», – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров үкіметтік емес сектор өкілдеріне сөйлеген сөзінде.

Диалог алаңына қатысушылар азаматтық қоғамды одан әрі дамыту және азаматтық бастамаларды қолдау жөнінде пікір алмасты.

Іс-шара барысында азаматтық қоғамның дамуына үлес қосқан ҮЕҰ өкілдері марапатталды. Сондай-ақ ҮЕҰ-ның әлеуметтік мәселелерді шешудегі сәтті кейстері мен озық тәжірибелері таныстырылды.

Бүгін еліміздің барлық өңірінде ҮЕҰ өкілдеріне арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.

28 ақпанда Дүниежүзілік ҮЕҰ күнін мерекелеу аясында ҮЕҰ үшін онлайн шеберлік сабақтары, семинарлар мен кеңес беру шаралары өтеді.

Фото: www.gov.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале