Шыңғырлау ауданында Бекболат Файзуллин көкпар тартудан жасөспірімдер командасын жасақтаған спорт маманы. Қаратөбе ауданының тумасы Бекболат орта мектепті аяқтаған соң Оралдағы БҚО гуманитарлық инженерлік академиясын дене шынықтыру мамандығы бойынша 2009 жылы тәмамдап шығады. Туған жерінде еңбек жолын бастаған жас маман 2021 жылы Шыңғырлау ауданына қоныс аударған. Шыңғырлау спорт клубында ұлттық спорт түрлері бойынша әдіскер және БЖСМ аударыспақ үйірмесінен жаттықтырушы болып жұмыс жасап, аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінде аударыспақ үйірмесімен қатар көкпар, теңге ілу, жамбы ату түрлерінен жұмыс атқарады. Ізденгіш жас маман бұған дейін де аудан намысын қорғап келе жатқан ағаларының ізін жалғайтын жасөспірмдер командасын неге құрмасқа деген ойдың жетегінде жүреді. Ішкі ойларын екшелеп, бұл жәйді асықпай зерделеп, үлкендерден ақыл-кеңес ала жүріп «нар тәуекел» дейді. Осылайша бүгінде өмірінің өзегіне айналған «Бөкенбай батыр» жасөспірімдер командасы өмірге келген-тұғын.
Команда құрмас бұрын көкпарға қызығушылық танытқан, спортқа жақын, әбден шынығып, қай бәсекеде де дес бермейді-ау деген балаларды іріктеп алған соң олардың ата-аналарымен кездесіп, көкпар ойыны, онда төнетін қауіп-қатерлер жайлы ашық әңгіме өрбітеді. Балалардың көкпарға деген шынайы ынтасын, әрі өз ісіне ерекше берілген Бекболаттың бағытын көрген ата-аналар да қолдау білдіріп, «іске сәт» деген күннен бері жұмыс та дөңгеленіп жүре берді. 2022 жылы мамыр айында шабандоз балалардың алғашқы қатысқан дүбірлі додасы 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында ұлттық ат спорт түрлері көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан Батыс Қазақстан облысының чемпионаты еді.
Тұңғыш чемпионат әр жасөспірімнің де, Бекболаттың да жадында мәңгі сақталып қалғаны шындық. Әлі додаға қатысып көрмеген, тәжірибесі жоқ десе де шындыққа жанасатын жас шабандоздардың чемпионатқа ата-баба аруағына сыйынып, бар білгендерін айтып қиқулаған ортаға қойып кеткендері рас. Мұндай көкпарға қатысып жүрген өзге командалар арасында өзіңнің де осал емес екеніңді дәлелдеу өте қиын болғанымен жаттығулары жетік, бапкерінің батыл шешіміне арқа сүйеген жеткіншектер әп дегеннен жүлделі ІІ орынды жеңіп алғанына өздері де сенбеген еді. Сол күнгі шиыршыққа толы ойын, салымдардың сәтті тұстары, көтерілген шаң мен маңдайдан аққан тер көрген түстей болғандары әлі есте. Бұл «Бөкенбай батыр» командасының жеңісті жолдары мен жемісті сәттеріне жол ашқан алғашқы чемпионат еді.
Осы чемпионатта «Бөкенбай батыр» командасының 8 жас шабандозы аударыспақтан бақ сынаған бәсекеде екі шабандоз І орынды жеңіп алып, чемпион болса, үш шабандоз жүлделі ІІІ орыннан көрініп қайтқанын да айта кеткен ләзім. Ал келесі дода да шабандоздардың әзірлігіне сын болған еді. 2023 жылы шілде айында 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында көкпардан облыс чемпионаты өтті. Бекболаттың осы додаға үкілеп қосқан жас қырандары қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, финалдық ойында азулы қарсылас, ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шабандоздарын айқын басымдылықпен ұтты. Иә, күн сайынғы жаттығулар, өздеріне өздері дамыл бермеу нәтижесін берері хақ.
Өзін өзгелерге мойындата білген командадағы жасөспірімдердің де, бапкерінің де орынды құрметке бөленіп келе жатқан жәйі бар. 2022 жылы Астанада «Тәуелсіздік - алтын тұғырымыз» атты республикалық конференциядан Бекболат Файзуллиннің «Қазақстан Республикасының жылдың үздік маманы» аталымы бойынша кеудесіне төсбелгі тағып оралуы да балалар бапкерінің мерейін өсіргені шындық. Аудандық білім бөлімі тарапынан «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі – 2023» аталымын иеленуі де еңбегіне берілген оңды баға. Сонымен қатар бұрынға БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың берген алғысхаты да бапкерлік құлшынысын ұштады. Бекболаттың шәкірттері Данияр Мирамбай мен Сержан Құрманғалиевтың «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидаты» куәліктерін алуы команда мерейін одан әрмен тасыта түсті.
Бүгінде Бекболат Ақбұлақ ауылдық оругіне қоныс аударған.
- Ауылда тұрып та арманға қол жеткізуге болады. Небір чемпиондар да ауылдан шыққан. Оның үстіне балаларым еңбекке араласып, төрт түлік малдың қадіріне жетсін, шөп тасып, мал суғарудың да жауапкершілігін көрсін деген ойға келдім. Әрі балалар таза ағарған ішіп, денсаулықтары да мықты болып өссін деген ниетпен ауылды таңдадым, - дейді.
Спорттағы Бекболатты бір қырынан көрсек, екінші қыры оның еңбеккқорлығын да айта кеткен жөн. Қазір елімізде шаруамен айналыссам, отбасының несібесін еселесем деген жандарға көптеген қолдау жасалып жатыр. Соның бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Оның игілігін біреу көріп жатса, екіншілері әлі де жүрексініп жүрген жайлары бар. Кішкентайынан малға жақын болып өскен Бекболат үшін мал қарау, оның күтімін жасау таңсық емес. Сол себепті де ол отбасымен ақылдаса келе «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 8 млн 600 мың теңге несие алады. Бұл қаражатқа Ақтөбе облысы Мартөк ауданының «Рад агро» шаруашылығынан 13 бас қашар, 1 бұқа сатып алып, ауылға жеткізеді. «Красно степной» деп аталатын бұл тұқым сауынға жақсы, күтімді де бәлендей қажет етпейді. Уақытымен жем-шөбін беріп, суғарып тұрсаң болғаны.
- Қазір балаларым да мал бағуға төселіп қалды. Өздері мен болмай жатсам малды қарап, жайлап жатқандары. Отбасың алға қойған мақсатыңа қолдау білдіріп жатса ол да бір ғанибет. Зайыбым Жазира Ниязқызы да, Алла берген алты перзентім де менің ең басты жанашыр, сүйенішім, - дейді ол.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz