Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұжымының көші Бөрлі ауданынан Сырым еліне келіп тоқтады.
Елге келген қонақтарды Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов, аудандық демалыс орталығының директоры Эльдар Әубекеров «қош келдіңіз!» айтып, күтіп алды.
Серік Тоқмамбетов бастаған Қадырсарай ұжымы орталық алаңдағы Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.
Қаңтар айының соңында облыс орталығында өткен «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильмнің таныстырылымы мен «Қадыр – қазына» концерттік бағдарламасы аудандық мәдениет үйінде сырымдық ағайынның назарына ұсынылмақ.
Айта кетейік, Қадырсарай ұжымының аталмыш іссапары Қаратөбе ауданында жалғасын таппақ.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz