29.02.2024, 11:00
Оқылды: 57

71 жастағы оралдық қыста жиі шаңғы тебеді

Әне-міне дегенше, қыстың да аяқталуына аз қалды. Әр мезгіл адамдардың есінде өзінше өзгерістерімен немесе қызықты сәттерімен сақталады. Қаламызда қысты да сағынатын, жалпы осы мезгілді жақсы көретін адамдар бар. Солардың бірі – 71 жастағы қала тұрғыны Сидағат Мәжитов. Ол бұл мезгілді қысқы спорт түрлерімен айналысу үшін күтетін көрінеді.

0856511d-ed72-401d-abd7-932a15d4e187

Алғаш естіген уақытта жасы жетпістен асқан адамның қысқы спорт түрлеріне деген құштарлығына сәл таңырқағанымыз рас. Кейін өзі әңгімелеп берді де, спорттың қай түрі болса да, адам өміріне оң өзгерістер әкелетінін айтты. Ол бала кезінен бастап мұз үстінде конькимен сырғанағанды, сондай-ақ шаңғы тебуді ұнатқан.

– Қозғалыс – адам бойына ем. Негізі, спорт деген адамның жанын тазартып, денсаулығына едәуір оң ықпал етеді ғой. Жанын тазартады деп отырғанымды былайша түсіндірейін, жалпы спорттың қай-қай түрімен айналысқан адамның сергек жүретіні белгілі. Ал сергек жүретін адам санасындағы сан қилы сауалдардың да шешімін оңай таба біледі. Сондай-ақ ондай адамдардың көңілі тозбайды деп ойлаймын. Яғни айналасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайды. Өкпе-реніш деген дүниелерді тез ұмытып, көңілге қымбат естеліктерді жинайды. Міне, мен білетін спорттың осындай жан-жақты пайдасы бар. Өзім спортқа тым ерте жасымнан құмарттым. Енді-енді ес кіріп келе жатқан шағым болса керек, үйдегі ағамның шаңғысын байпаққа байлап алып, сонымен күнұзағына сырғанағаным есімнен кетпейді, – деді ол әңгіме арасында.

f8d74cf9-79d8-4054-a6e1-8145335d4b5a

Сидағат Мәжитов Бөкей ордасы ауданында туып-өскен. Мектеп қабырғасында жүргенде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Қожағалиұлы Береген есімді ұстазы оның спортқа деген қызығушылығын оятқан. Одан кейін әскерге барған уақытта да, алып шаһар Алматыда өткен студенттік шағында да қысқы спорттан қол үзбеген. Ол жас кезінде «Медеу», «Динамо» мұз айдындарына жиі қатынап, тау етегінде шаңғы тебуді қалыпты әдетке айналдырған екен.

«Мен бір уақыттарда футбол да, волейбол да ойнадым. Бала кезде ауылда спорт мектебі болмаса да, шаңын бұрқыратып доп қуудан жалықпайтын едік. Жалпы спорт түрлерінің ішінде шаңғы тебуді жаным ерекше қалай-ды. Өйткені шаңғы тепкен уақытта аппақ қардың үстінде өзімді су бетіндегі аққудай еркін, жеңіл сезінемін.

2a2b3ee0-8212-408a-84d4-aebff3e75005

Сосын таза ауамен терең тыныстап алып, бір рақат күй кешемін. Мұндайда, бір жағынан, денең де шынығады, санаң да босап, бәрін бір сәт ұмытасың. Тұла бойың бір тазарып қалғандай болады», – деп шаңғы тебуді не үшін бөлек бағалайтынын айтып берді.

Айта кетейік, Сидағат Мәжитұлы ресми жарыстарда бақ сынамаған. Яғни ол айналысатын спорт түрлерін хоббиі санайды. Денсаулығы үшін, бойын сергек ұстау мақсатында шұғылданады екен. Өзі ауыл шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік салада қызмет еткен кезінде де спорттан алыстамапты. Содан да болар жасы жетпістен асса да, әлі де тың, әлі де ширақ. Мұның бәрін сол қыста шаңғы тепкеннен деп есептейді. Сонымен қатар ол екі баласы мен төрт немересін де спортпен шұғылдануға шақырып, кей уақытта өзімен ілестіріп, қысқы демалыс орталықтарына апарады екен. Ол – көбіне немерелеріне біраз жақсы дүниелерді үйретіп, ақыл-кеңесін айтып отыратын ата. Бос уақытында немерелерімен шахмат ойнап, көңілдегі ойларын қағаз бетіне түсіретін көрінеді.

«Спорттан бөлек таза ауада жиі серуендеймін. Сондайда небір жүйелі тіркестер келіп-кетеді санаңа. Сол кезде ішінара өлең шығарамын. Бір жағынан, әр мезгілді өз қызықтарымен сағынған уақытта, жалпы бойыңды ерекше сезім билегенде еріксіз бірдеңе жазғың келеді немесе көңілге түйіп аласың», – деген Сидағат Мәжитұлы жазған жырларын да көрсетті бізге. Оның бірнеше өлеңі облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген екен.

Әр мезгілді өз ерекшелігімен жақсы көру керек. Сондай-ақ қай жаста болса да, спортпен айналысуға кеш емес. Оған кейіпкеріміз Сидағат Мәжитовтің салауатты өмір салтын ұстанатыны дәлел болып тұрғандай. Аман жүріңіз, қимылы ширақ қария!

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале