Бибібәтима Мұхамбет пайғамбардың сүйікті қызы екен. Қазақ халқының түсінігінде де әйел адам үйдің құты, отбасының желеп-жебеушісі деген түсінік бар.
Көрнекі фото
Аңыз бойынша Бәтима анамыз бірде әкесін сахабаларымен бірге қонаққа шақырады. Ол кезде Бәтима Ерәлидың адал қосағы екен. Келген қонақтарға дастарханын жайнатып, аяғынан тік тұрып қызмет көрсетеді. Ешкімнің көңілін қалдырмайды. Бала демей, шаға демей, кішкене сәбилерге дейін риза қылып, көңілдерін табады. Бәтиманың қызметіне сүйсінген әкесі мен сахабалар қатты риза болып, кетерлерінде қолдарын жайып дастарханға бата бермек болады.
Сол кезде Бәтима: «Әкешім, менің бір шартым бар, мені дұғаңызға қоссаңыз. Мен қашанда үмбетіңіздің ошағының қасынан, бесігінің басынан табылайын, қашанда қызметіңізде болайын», - деген екен.
Сонда пайғамбар солай деп бата беріп, Тәңірі оның дұғасын қабыл етіп, содан бастап, Бәтима анамыз отбасының піріне, әйел затының қорғанына айналып, қыз-келіншектер қиналса, қандай да бір істі бастаса Бәтима анамыздан медет тілейді екен.
Содан да болар мұсылман дәстүрінде әлі күнге қыз-келіншектер үйді аластағанда «Бұл менің қолым емес, Бибібәтима анамыздың қолы» деп айтады екен.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress. kz
(«Салт-дәстүр сөйлейді». Хрестоматиялық анықтамалық. А. 2017 жыл)