1.03.2024, 9:45
Оқылды: 57

Бәйтерек ауданы: сындарлы шаққа әзірлік қандай?

Көктем тусымен күн жылып, сай-саладағы қар көбесі сөгілуде. Тасқын судан төнер қауіптің алдын алу мақсатында Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов пен аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Олжас Әбдірахманов Шалғай, Атамекен, Зеленый және Егіндібұлақ ауылдық округтерін аралап, аудан әкімінің төтенше жағдайдың алдын алу бойынша берген тапсырмаларының орындалуы, ауылдық округтердің сындарлы шаққа әзірлігі, техникалық әлеуеті, арық-атыздарды тазалау, кеңейту, құмдар мен қапшықтарды дайындау мәселелерін пысықтады.

байтерек су 2024 (1)

Шалғай ауылдық округінің Тыңдала елді мекенінен 8 шақырым жердегі қарғын су шайып кеткен автожол «Коммунальник» МКК көмегімен қазіргі таңда қалпына келді. Жаз мезгілінде Чамчиян, Достық көшелерінде орналасқан жол астынан диаметрі 1 метр қосымша су өткізу құбырлары салынған. Аталған Чамчиян, Достық және Алаш, Бейбітшілік көшелеріндегі су құбырлары мен арықтарын қоқыстан, арамшөптерден тазалады. Қар суын кедергісіз өткізу мақсатында төменгі тоғанның бойындағы ұзындығы 560 метрді құрайтын арықты тазалап, тереңдету жұмысы жүзеге асты. Переметный-Шалғай жолының 1 шақырымына су өткізу құбырының құрылысы жүріп, жаңадан көпір салынды. Диаметрі 1 метрлік бес құбыр орнатылды. Сондай-ақ құм мен қапшықтарға, 1 мотосорғы мен жанар-жағармайға өтінім берілген. Күні бүгін Шалғай ауылында жергілікті шаруашылық иелерімен көктемгі тасқынға тосқауыл қою мақсатында ассенизатор көлігі, К-700, МТ3-80 техникаларын жұмылдыруға меморандум жасалуда.

байтерек су 2024 (2)

Атамекен ауылдық округінде су өтетін құбырлар аршылған. Гавриловка өзенінде бөгетті айналып ағатын тереңдігі бір метрдей арық қазылған. «Бөгет қазіргі уақытта ашық. «Гавриловка өзенінде су жоқ. 20 тонна құм әкелінді. Қапшықтар дайын. Техникалық қолдау үшін мұнда да ірші шаруашылықтармен келісім шарт жасалған. Төтенше жағдай туындай қалса, қосымша азық-түлік дүкендерімен де келісім бар. Екі генератор мен бір мотосорғы тексерістен өтіп, сақадай сай тұрғанын айтқан аталмыш ауылдық округ әкімі Фархат Үмбетқалиев құрылғыларды іске қосып көрсетті.

Зеленый ауылында Южная, Речная, Новостройка және Абай көшелеріне қарғын судан қауіп бар. Тасқынның алдын алу жолында Деркөл өзені жағалауына көтерілген су деңгейін бақылау үшін гидробекет орнатылған. Аталған құрылғының синоптиктер болжамының дәлдігіне және көктемгі тасқынның көлемін анықтауда маңызы зор. Оның көмегімен тиісті сала мамандары күніне екі мәрте су қоймаларындағы жағдайды байқап, бағамдайды. Күні бүгін мұндай гидробекеттер Мичурин, Раздольный, Сұлукөл, Егіндібұлақ, Атамекен ауылдарына да қойылған. Сондай-ақ Зеленый ауылдық округінде аспалы көпірді көтеру ісі қолға алынбақ. Округ әкімінің міндетін атқарушы Жаңылсын Құрманқұлованың айтуынша, екі мотосорғы мен генератор, дизельді жылу зеңбірегі, 500 қапшық пен 40 тонна құм дайындалып, сұйық отын алынған.

байтерек су 2024 (3)

Егіндібұлақ ауылындағы Матвеевка өзенінің жағалауына биіктігі 1 метр  ені 1,5 метр, ұзындығы 60 метрлік бөгет соғылған. Өткен жылы Егіндібұлақтағы Достық көшесіне арық қазылып, аталмыш өзенінің арнасын тазалау жұмыстары жүргізілген. Округ әкімдігі жергілікті қожалықтармен төтенше жағдай шағындағы техникалық қолдау бойынша меморандум жасаған. Қазіргі күні бір эвакуациялық техника (ГАЗель), УАЗ жедел жәрдем көлігі, МТЗ-82, ДТ-75, мотосорғы мен жүзу қайығы дайын тұр. 500 қапшық әзірленіп, 15 тонна құм үюлі тұр. Азық-түлікпен қамту мәселесі де шешілген. Бүгінде су басу қаупі бар тұрғын үй иелеріне жадынама таратылып, түсінік жұмысы жүргізіліп жатыр.

 

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

байтерек су 2024 (4) байтерек су 2024 (5) байтерек су 2024 (6) байтерек су 2024 (7) байтерек су 2024 (8)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале