Бата беру салты – тәлім-тәрбиелік мәні зор, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып келе жатқан ұлтымыздың ұлы мұрасы. Ал осындай құнды мұраны сақтап, келер ұрпаққа дәріптеу үшін қазына кеуде қариялардың басын қосқан игілікті іс-шараларды өткізудің маңызы зор. Осыны мақсат тұтқан Бөкей ордасы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбековтың ұйымдастыруымен «Дүниеде кем болмайды баталы құл» атты аудандық батагөйлер сайысы өтті.
Аталмыш шараның шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов ұлттық салт-дәстүрді ардақтап, бата беруді дәріптейтін шараның жастарға берер өнегесі мен тәлімдік мәнін атап, қазіргі қоғамда бата беруде кем-кетіктер орын алып жүргенін де айтып өтті.
Өз кезегінде Тілеген Керейұлы аға буынның ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі боп, бүгінгі шараға белсенділікпен қатысуының өзі үлкен құрметке лайық деп атап өтті.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өлеңдетіп не қара сөзбен өздерін таныстырса, екінші кезеңде түрлі тақырыпта бата беріп, көрермендердің ерекше ризашылығына бөленді. Соңғы кезеңде қазақтың салт-дәстүрлері бойынша білім-біліктерін сынға салды.
11 батагөйдің ішінен Арыс Ажығалиев атамыз суырылып алға шықса, аз ғана ұпаймен екінші орыннан Сәрсембай Қуанышәлиев көрінді. Үздік үштікті Қитеш Бисенғалиев жеңіп алды.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы