3.03.2024, 16:00
Оқылды: 29

Теректі ауданы: Пойма ауылында жаңа «Ұлттық музей» ашылды

Жаңа да жайлы ғимаратқа қоныстанған Пойма мектебінің тынысы ашылғандай. «Даналық мектебі» аясында директор Жасұлан Шакировтың бастамасымен «Азамат пен қазанат» атты этнотанымдық «Ұлттық мұражай» ашылды.

музей +

Мұражайдың тұсауын кесу құрметі Ақсуат ауылдық округі әкімі Жаннұр Бекбауұлы мен ардагер ұстаз Қымбат Мәжитқызына бұйырды.

Алғыс айту күні бірегей мұражайдың ашылуына мектеп ұжымы ұлт құндылықтарын насихаттап жүрген азаматтарды қонаққа шақырды. Мұражай ішінде тарих пәні мұғалімі Дәулет Мәдениетұлы Пойма ауылының тарихымен таныстырып, жинақталған жәдігерлер мен ұлттық бұйымдар туралы айтты.

Негізгі жинақтаушысы – бастауыш сынып мұғалімі Нұржан Исмағұлов бастап, әріптестері, ата-аналар қостап, ауылдың тарихы мен ескінің көзіндей жәдігерлер жинақтаған музейдің ашылуына поймалықтар мықты дайындық жасады. Киіз үй тігіп, қазан-ошақ құрылды. Аналар жағы қазаннан шыққан қызыл бауырсақ таратты. Дастархан басында үлкендер бір-біріне алғыс айтып, арқа-жарқа болды. Балалар алтыбақан теуіп, асық ойнады. Садақ атуға арналған жерге бала түгілі, үлкендер де жиналды.

музей ++++

Оралдан арнайы келген қонақ–этнокешен жетекшісі Ақылбек Ишанов балаларға ат әбзелдерін таныстырып, ат ерттеуден шеберлік сағатын көрсетті.

Көктемнің алғашқы күні, Алғыс айту мерекесін Пойма орта мектебі осындай жақсы шарамен атап өтті.

Ақжан Мерғалиева,

Теректі ауданы

Пойма ЖОББМ тәлімгері

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале