1942 жылы 22 маусым күні басталған Ұлы Отан соғысы Кеңес одағының халқына ауыр қасірет әкелді. Мамыражай бейбіт күн кешіп, ойнап-күліп жүрген барлық халық соғыс деген құлаққа түрпідей тиетін жаман сөзді естіді. Қазақ елінің ұл-қыздары Ұлы Отан соғысына қатысып, елін неміс-фашист басқыншыларынан қорғау үшін қан майданға аттанды. Қазақ деген батыр халықтың ұрпақтары Ұлы Отан соғысында алмас қылыштай жарқылдап, ерліктің сан үлгісін көрсетті. Солардың бірі – қаратөбелік ұшқыш Уәлихан Сейітов.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақталған [Қор:33. Тізбе:686044. Іс:463. Парақ:10] құжат қаратөбелік қыран қанатты қазақ, кіші лейтенант Улихан Бектасович Сеитовтің (құжатта солай) әуедегі ерлігі туралы сыр шертеді және оның Қызыл Жұлдыз орденіне марапатқа ұсынылып, марапатталғаны жөнінде тың мәлімет береді.
Аталмыш құжатты 1943 жылы 6 қыркүйек күні 779-бомбалаушы авиаполктің командирі, майор Храмченков толтырып, өз қолын қойып, ержүрек ұшқышты марапатқа лайық деген. Ресей архивінен табылған марапат қағазда 779-бомбалаушы авиаполктің кіші лейтенанты Уәлихан Сейітовті үкіметтік Қызыл Жұлдыз орденіне марапатқа ұсынған.
Архив құжатында Уәлихан Сейітовтің 1922 жылы өмірге келгені, ұлтының қазақ екені, 1941 жылдан БЛКЖО мүшесі болғаны, Қызыл әскер қатарында 1940 жылдан қызметте жүргені, Ұлы Отан соғысына 1943 жылғы 4 маусымнан орталық майданға қатысқаны, бұрын жарияланбағаны, Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылғаны жазылған.
Осы құжат бетінде жеке әскери ерлік немесе сіңірген еңбегі туралы қысқаша, нақтырақ мәлімдеме жазулы. Архив құжатының орыс тіліндегі нұсқасын қазақ тіліне аударып жазып отырмын. Назар аударайық.
«1943 жылдың маусымынан орталық майданда неміс фашизмімен шайқастарға қатыса жүріп, жолдас Сейітов қарсыластың әскерлері мен техникасын бомбалау бойынша 13 рет барлық жауынгерлік тапсырманы сәтті орындады. Жолдас Сейітовке Орел-Курск бағытындағы ұрыстарда әскери тапсырмаларды өте жақсы орындағаны үшін алғысын білдірді. Ол барлық жауынгерлік тапсырмаларды жақсы және өте жақсы орындады. Ол шайқасқа бойын жауға деген кек кернеген ызамен шығады. Шайқаста ол ержүрек, батыл және тапқырлық таныта білді. Штурман ретінде ол әуеде бағыт пен бағдарды жақсы меңгерген. Жолдас Сейітовтің жауынгерлік мінездемесі:
«1943 жылы 26 тамыз күні 6 бомбалаушы ұшақтан тұратын құрамда, Марицкий пунктінде жау әскерлері мен техникасының шоғырланған жерін әуеден бомбалап және пулеметтерден атып, дұшпанның 7 ғимараты мен 7 көлігін жойды. Бомбалаудың нәтижелері (№25 фото схемамен) расталды.
1943 жылы 26 тамыз күні 8 бомбалаушы ұшақтан тұратын құрамда Ср. Ямское елді мекеніндегі қарсыластың командалық пункт шебін әуеден бомбалап және пулеметтерден атып, жаудың 15 автокөлігін, 5 ғимаратын және 1 станокті пулеметін жойды. Бомбалаудың нәтижелері (№19, 20 фото схемамен) расталды.
Неміс фашизміне қарсы соғыста басшылықтың 13 жауынгерлік тапсырмасын бұлжытпай орындағаны және көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін үкіметтік Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттауға лайық». Осы құжаттың екінші бетінде 1943 жылы 8 қыркүйек күні 241-бомбалаушы авиадивизия командирі, полковник Куриленко қаратөбелік қыранды үкіметтік марапат Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттауға әбден лайық деп қолын қойып, өз келісімін білдірген.
Басшылық тарапынан берілген әскери тапсырманы жауапкершілікпен орындаған ұшқыш Уәлихан Сейітов 1943 жылы 8 қыркүйекте 3-бомбалаушы авиакорпусы, 241-бомбалаушы авиадивизия басшылығының №10/н бұйрығымен Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде [Қор: Марапаттау картотекасы. Іс: шкаф 77, жәшік 11] сақталған марапаттау құжатында: «Сеитов Улихан Бектасович (құжатта солай). Туған жылы: 1922. Әскери шені: аға лейтенант.
«Әскери еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Құжат мерзімі: 15.11.1950» деп жазылған мәтінді оқуға болады.
Өзімізше қазақшалап алар болсақ, Уәлихан Бектасұлы Сейітов болатыны айдан анық. Архив құжатындағы жазуды өзгертпей, сол қалпында жазғанымыз да сол. Жоғарыдағы құжаттан ұққанымыз, сол мерзімде марапатталуына қарағанда, Уәлихан Бектасұлы 1950 жылы 15 қарашада көзі тірі болған. Батыр ұшқыш жөнінде архивте басқалай мәлімет кездеспеді. Қан майданда әуеден жауына тажал төндірген қаратөбелік ұшқыш Уәлихан Сейітовтің кейінгі тағдыры қалай болды екен?! Ол соғыстан соң туған еліне оралды ма? Әлде өзге жақта қалып қойды ма? Мені өлкетанушы ретінде осы сұрақ мазалайды. 18 жасында Қаратөбе аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, сұрапыл соғыста ұшқыш болған қайсар қазақтың мүмкін туыстары немесе ұрпақтары табылар?!
Ахмедияр Батырханов,
М. Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі,
Орал қаласы