ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалаларды абаттандыру және көгалдандыру шаралары қаралды.
Фото: zhaikpress.kz
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дұрыс жүйеленген құрылысты енгізу және тартымды, жайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру бойынша нұсқаулық болатын «Қалаларды кешенді салу стандарты» әзірленгенін айтты.
Ол қалалар аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында пайдалану үшін барлық жергілікті атқарушы органға жіберілді. Бұл ретте ауытқуларды болдырмау үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап бірыңғай қала құрылысы сараптамасы енгізілді. Ол жоспарлау кезеңінде сәулет-құрылыс нормаларының бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қалаларды абаттандыру мақсатында Жол картасының үлгілік нысаны әзірленді. Ол да тиісті шараларды жоспарлау және қабылдау үшін әкімдіктерге жіберілді. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыс жүріп жатыр.
Отырыс барысында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа қоғамдық кеңістіктерді, оның ішінде саябақтар мен скверлерді, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ақтөбедегі «Батыс-2» шағын ауданында жүргізілген жұмыстар және тиісті жол картасын іске асыру жоспарлары туралы айтып берді.
Премьер-Министрдің айтуынша, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары қала тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, туристік саланы дамытуға да ерекше серпін береді. Бұл ретте ол азаматтардың әлі де болса тротуарлар мен жарықтың жоқтығын, жасыл желектің аздығын айтып, жиі шағымданатынына тоқталды.
«Әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыстың болмауы – абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі проблемасы. Ағаштар мен өсімдіктер отырғызылады, бірақ кейін ешқандай күтім жасалмайды. Көпшілік жиналатын қоғамдық орындар мен үй маңындағы аумақтардың ұсқынсыз жағдайы үлкен проблемаға айналған. Саябақтар мен скверлер көбінесе иесіз қалғандай күй кешеді. Оларды жыл сайын жаңартып отыру, көркейту жұмыстары жүргізілмейді. Кейде тіпті саябақтарда объектілер салу фактілері де кездеседі», — деді Олжас Бектенов.
Оған қоса Үкімет басшысы халықтың осындай күнделікті мәселелерді шешуде үлкен белсенділік танытып отырғанын айтты. Мысалы, қоғам белсенділерінің арқасында елордада бірқатар жерде салынуы тиіс объектілердің орнына скверлер мен демалыс орындары пайда болды. Атап айтқанда, Нәжімеденов көшесінің бойындағы 18 қабатты ғимараттың орнына сквер салу туралы шешім қабылданды. Мыңжылдық аллеясы Астанадағы жаңа тартымды орталыққа айналады.
«Әкімдік елордада демалуға арналған жайлы аймақтар құру, көгалдандырудың кешенді жүйесін іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет. Бұл қаланың ірі тұрғын аудандарының “жаңа тынысын” ашуға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуныша, осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында да қалыптасып отыр. Мұнда қала тұрғындары үшін қолайлы орта жасау жұмыстары белсенді жүруде. Мысалы, Байсейітова көшесіндегі қараусыз қалған аумақ саябаққа айналды.
«Биыл әкімдік жаңадан 3 саябақты пайдалануға беріп, 3 саябақты күрделі жөндеуге тиіс. Тұрғындар орынсыз құрылыс салуға, қаланың тарихи аудандарында тығыз құрылыс жұмыстарын жүргізуге және ағаштарды кесуге табанды түрде қарсы шығып жатқаны мәлім. Қала тұрғындарының пікірін ескерген абзал», — деді Премьер-Министр.
Жалпы Үкімет басшысы мұндай мәселелердің еліміздің барлық қаласында жиі көтерілетінін айтты. Олжас Бектеновтің айтуынша, қала аумақтарын дамыту мен онда құрылыс салу бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуы керек.
«Әкімдіктер қала орталығын ғана абаттандырумен шектелмей, шеткі аумақтарды да назардан тыс қалдырмауға тиіс. Кейбір скверлерге немесе қоғамдық орындарға “қамқорлық жасау” үшін бизнес пен ірі кәсіпорындарды тартуға болады. Шағын бизнес те іргелес жатқан аумақты күтіп-ұстауды жақсы дәстүрге айналдыруы керек», — деді Премьер-Министр.
Айтылғандарды ескере отырып, Олжас Бектенов өңірлер әкімдеріне тиісті Жол карталарының толық және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Қалалардың өмір сүруге қолайлы әрі жайлы болуы маңызды. Әкімдіктер жол карталарымен шектеліп қалмай, туындаған проблемаларды шұғыл шешіп, халықтың пікіріне құлақ асқаны жөн», — деді ол.
Сонымен қатар Үкімет басшысы қалалардағы жасыл желектің қысқаруына жол бермеу керектігін, бұл ретте отырғызылатын көшеттердің барынша жерсініп кетуін және оларға нақты күтімді қамтамасыз ету қажеттігін талап етті.
Одан бөлек Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы министрліктері аумақтарды көгалдандыру бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған заңнамалық түзетулерді әзірлеуі қажет.