Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Теректі аудандық балалар шығармашылық үйі және «Іскер әйелдер» кеңесі ұйымдастырған «Жарқын жүздесудің» бұл жолғы кеші қыз-келіншектерге арналды.
Шараға әр түрлі салада жемісті еңбек етіп жатырған арулар қатысты. Айталық, «Тұлпар» жекеменшік бөбекжайының меңгерушісі Мәншүк Науанова, Долин ауылдық округінің жастар жетекшісі Майра Шарипова, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ана Алтынай Жанғожаева, «Іскер әйелдер» кеңесінің мүшесі Арайлым Ғұмарова, аудандық мәдени-демалыс орталығының хормейстері Гүлназ Құсайнова, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айдана Алғазиева сынды жандар шақырылды.
Сұхбат тізгінін ұстаған Үміткер Орынғалиев жоба қатысушыларына «Сұрақ - бізден, жауап - сізден» деп кәсіптеріне, өмірлеріне қатысты қызықты сұрақтар қойды. Сондай-ақ, қонақ кәделерін алып келген Мәншүк Ибатоллақызы «Асыл әжем», Алтынай Мәлікқызы Ш. Қалдаяқовтың әнінен шашу шашты. Майра Нұрымжанқызы ұлттық ойын «Асық атудан» оқушыларға шеберлік сағатын көрсетті. Кәсіпкер Арайлым Абайқызы тәтті тортын ала келіпті.
Гүлназ Рақымғалиқызы мен Айдана Русланқызы балалар шығармашылық үйіне өз қолдарымен жасаған бұйымдарды естелікке табыстады.
Шара қонақтарына аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың атынан алғысхат табыс етілді.
Жауһар Нұрым,
Теректі ауданы