7.03.2024, 9:30
Оқылды: 66

Шолпанның шоколадтары

Оралдың тұрғыны Шолпан Қоспаева үш-төрт жыл бұрын мұз кәмпит жасауды қолға алды. Кәмпиттің гүл, жүрек түріндегілерін көпшілікке ұсынды. Өнімдерін әлеуметтік желілер арқылы және кондитерлік дүкендермен келісіп өткізеді. Тәттілері сұранысқа ие болды. Үйде жұмыс істесе де, жеке кәсіпкерлік ашып, заңды түрде тіркетті. Кейін түрлі кондитерлік курстарда оқып, шеберлігін шыңдады. Мұз кәмпит, шоколад, кептірілген жеміс-жидек өнімдеріне сертификат алды. Жемістерден кептірілген жайма түрлерін (пастила) жасауды үйренді. 

63ab05bb-5d3f-4f94-969b-99158b91c96f

– Өнімдеріміз мерекелерге арналып жасалады. Мысалға, жаңа жылға кептірілген жемісті шырша, халықаралық әйелдер күніне шоколадтарды қызғалдақ, гүл шоғыры түрінде дайындаймыз. Қант жеуге болмайтын жандарға не аллергиясы бар балаларға табиғи қант алмастырғыштардан жасалатын тәттілеріміз бар. Шоколад    өнімдерін жасауға какао бұршақтары шетелден сатып алынады. Көбінесе Италиядан әкелінген жартылай дайын өнімді пайдаланудамыз, – деді кәсіпкер Шолпан Қоспаева.

Құрқылтайдың ұясындай шоколад студиясында тойбастар, бесіктой, құдалыққа арналған және ұлттық нақыштағы тәттілер, жент қолмен жасалады. Ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты тойдуман кештерге кәде кәрзеңкесіне тапсырыс берушілер қатары қалың. Сонау Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент, Сарыағаш, көршілес Ресейдің Орынборы жағынан тапсырыстар беріп, алдыратындар баршылық. Ұлттық нақыштағы тәттілер, соның ішінде торсық, асық, домбыра түріндегі шоколад-кәмпиттер баланың таным көк­жиегін кеңейтеді. Мысалға, домбыра-шоколады қорабының сыртындағы QR-кодты сканерлегенде күйшілер туралы мәлімет беріледі не күй ойнайды. Немесе өңіріміз ту­ралы ақпараттар береді. Шолпанның шоколадтары сан түрлі. Оның құрт, жент, жаңғақ, кептірілген немесе балғын жеміс-жидек қосылған түрлі пішіндегісі бар. Мысалға, әдемі ақ түсті шоколад қонжық түрінде жасалыпты. Өнімдерді шоколад-сыйлықтар, шоколад-ақпараттар деуге болар.

IMG_1378

Шолпан Оралдағы М. Өте­місов атындағы БҚМУ-ды бітіріп, университетте 13 жыл қызмет етті. Орыс тілінде оқитын топтарға қазақ тілі және әдебиеті, іс-қағаздарын жүргізу пәндерінен дәріс оқыды. Филология магистрі. Кейін отбасы шаһардың басқа шағынауданына көшкенде Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінде оқытушы, әдіскер, директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Оқытушыларды аттестациядан өткізуші облыстық комиссияның мүшесі болды. 2018 жылы Қоспаевтар отбасында үшінші перзент дүние есігін ашты. Ол ерекше бала болатын. Перзенті үшін ана отқа да, суға да түспеуші ме еді?! Шолпан да уақыт жоғалтпайын деп сәбиін қаратып, емдету үшін қызметін, жайлы орынтағын тастады. Алматыны шарлады, Ресейдің Орынборындағы білікті дәрігерлеріне сапарлады. Бұл күндері үш ай сайын Өзбекстан астанасы Ташкентке барады бауыр еті баласымен. Тумысынан еңбекқор, тынымсыз жан үйде қол қусырып отыра алмады. Қызметінде талапшыл, сырт көзге қаталдау көрінетін кейіпкерімнің таныстары оның бай қиялынан, шығармашылық қабілетінен туған нәзік «туындыларды» көріп таңғалады.

IMG_1363

«Сыртымнан солай көрінсем де, жүрегім жұмсақ, сұлулықты сүйемін. Баламның арқасында екінші тынысым ашылды. Басында неге бұлай, ешкімнің ала жібін аттамаған едім, не­ге мен?» деп жан күйзелісіне ұшырадым. Содан көңілім бөлінсін деп осы тәтті жасауды бастадым. Кәсібім түңілуге жол бермеді, болашаққа сенім пайда болды. Алдағы күннен үміттімін, балапаным құлан-таза айығып кетеді деп ойлаймын. Өнімдерді өзіме жасағандай табиғи, сапалы, әдемі, креативті етіп жасаймын. Жеміс-жидекті саяжай­шылардан сатып алып кеп­тіріп қосамын тәттілерге. Арнайы аппаратта 6 сағатта да кептіруге болады. Бірақ мен 45 градуста 13-14 сағат кептірсем, барлық дәрумені сақталады. Мақсатым – сол дәруменді сақтап, тұтынушыға таза, табиғи өнімді ұсыну», – деп жымияды Шолпан Нәсиболлақызы.

Бұл күндері «Тәтті ме» жеке кәсіпкерлігі Н. Назарбаев даңғылындағы 236-үйді жалға алып, жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың бірі – Шолпанның қайын сіңлісі Алтынай Қоспаева тамақ өндірісінің технологі. Оның айтуынша, тәттілерді қолмен жасауға уақыт көп кетеді. Түскен тапсырыстарды уақтылы әрі сапалы етіп жасау керек. Сонда тұтынушылар қатары сиремейді. «Ақыл – жастан» демекші, Алматыдағы С. Демирель атындағы университетті қытай және ағылшын тілдері мамандығы бойынша бітірген Шолпан мен Кенжебектің қызы Рузия жұмыс үрдісін аутоматтандыру, қажетті құрал-жабдықты сатып алу қажеттігін айтып, жоба жасақтады. Сол бизнес жобасымен 5 млн теңге қайтарымсыз грант иеленді.  Грант қаржысына Ресейден құрал-жабдық, меланжор құрылғысын алып, 3Д принтеріне тапсырыс берді. Жаңа жабдықтар іске қосылғаннан кейін, шоколадтың ішіндегі салындысын түрлі етіп жасау жолға қойылады. Әзірге арахис, нутелла езбе­сін қолдануда. Алдағы күндері соны өздері өндірістік негізде жасайды.

– Өнім түрлерін мо­лайтуға идея­мыз көп. «Мынау өзіміздің шоколад қой!» деп тұтынушыларымыз мақтанатын деңгейге жететін күнге жетсем деймін, – деді отбасылық бизнесті дамытуға құлшынысы күшті Шолпан Қоспаева.

Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдықинновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– Өткен жылы өңірде «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба» аясында 33 адам қайтарымсыз грант қаржысын иеленді.  2023 жылға облысқа 2 млрд теңге қарастырылды. Соның ішінде 137 млн теңге грант қаржысына бағытталды. Ұсынылған жобалардың 70 пайызы ауыл-аудандардан болды. Оралдан «Тәтті ме» жеке кәсіпкерлігінің шоколад өнімдері өндірісінің жобасы мақұлданды. Кәсіпкерлік шаруасын кеңге жайып, шағын кондитер фабрика болып құрылмақ.

 Қазіргі кезде облыста 58 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл салада 120 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті қолдауға 2,1 млрд теңге бөлінбек. Оның 142 млн теңгесі грант қаржысы, яғни жобаларды «жандандыруға» бағытталады.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале