Жәнібек аудандық кітапхана мен "Ақбастау" жастар қоғамдық бірлестігі аудандағы шаңырақтың ұйытқысына айналып һәм қоғамдық жұмыстарға араласып, түрлі салада жетістіктерге жеткен ардақты аналарды төрге шығарды.
Мерекелік іс-шара аудандық кітапхананың оқырман залында өтті. "Әлемнің құдірет күші - аналар" тақырыбындағы тағылымды кештің қонақтары да ерекше болды. Атап айтсақ, денсаулық сақтау саласының білікті маманы болған Қарашаш Басерқызы, кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқан құрметті ардагер Бәтима Әліпқалиқызы, ұстаз, инженер Бәтима Меңдешқызы, аудан жұртына жабылған балабақшаны қайта ашқан басшы ретінде жақсы таныс Ғалия Ғарифоллақызы, іскер нәзік жанды Гүлзина Амангелдіқызы қадірлі қонақ болып, өздерінің салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев лебізін білдіріп, кеш қонақтарына алғысын айтты. Әрмен қарай жастар күмбірлеген күй төгіп, өлең оқып, әннен шашу шашты.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы