7.03.2024, 17:17
Оқылды: 48

Облыс әкімі батысқазақстандық іскер әйелдерді мерекемен құттықтады

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі еңбек ардагерлері, іскер әйелдермен кездесіп, мерекелік құттықтауын жеткізді. Нәзік жандыларға деген жүрекжарды лебіздер мен ақ тілек жолданған кездесу «Атамекен» өнер ордасында өтті.

IMG-20240310-WA0001

Тағылымды тарихымыздан қайраткерлік қасиет қонған аналардың көп болғанын білеміз. Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, талай мәрте ұлт тағдырына араласты - Домалақ ана мен Ұмай ана, Зере мен Ұлжан, Мәншүк, Әлия, Хиуаз сияқты батыр қыздарымыздың ерлігі көп үлгі. Осы күні кешегінің батыр ана, арулардың өшпес өнегесін ту еткен өңір қыздары олардың салған жолын жалғап келеді.

Бүгінде елімізде қажетті отбасылық-гендерлік саясат ойдағыдай жүзеге асырылуда, отбасыға, ана мен балаға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі қалыптасты. Облысымызда 13 586 көпбалалы ана бар, оның арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» сияқты абыройлы атқа 6 558 адам ие болды. Жалпы мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласында, 4 жоғары оқу орынында ғылыми қызметте жүрген жандардың 70 пайызға жуығы қыз балалар мен әйел жандар құрайды. Экономикамыздың негізі болған - шағын және орта бизнесте жүрген кәсіпкер әйелдер көрсеткіші 53,1 пайызды құрайды. Сонымен қатар, қазіргі таңда мемлекеттік кызметтің де гендерлік құрамы өзгеруде. Біздің ақпаратқа сәйкес, БҚО бойынша 3 514 мемлекеттік қызметші жұмыс атқарады, оның 58% қыз балалар. Олар үлкен жауапкершілік танытып, халыққа адал қызмет етуде. Қазіргі таңда басшылық лауазымда жүрген әйелдер де аз емес. Облыстағы бес басқарма мен 1 ауданды әйел азаматтар басқарып отыр.

IMG-20240310-WA0007

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нәзік жандылармен кездесу барысында: «Әділетті Қазақстанды» құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы, ел ішінде отаншылдық, мемлекетшіл рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанды ұрпақ өсіруіміз керек. Осы жұмыста әйел қауымының рөлі ерекше», – деген болатын.

Жалпы әйел мен баланы қолдау саясаты мемлекеттің басты назарында. Баршаңызға белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қарқынды жұмыс атқарып келеді. Облыстық деңгейде де облыс әкімі жанында облыстық комиссия өз жұмыстарын атқаруда. Оған бәріңіз куәсіз. Жыл сайын Президентіміздің қолдауымен өтетін «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы дәстүрге айналып, өңірімізде қоғам арасында үлкен қызығушылық тапты десе болады.

Ақжайық өңірінде Республикалық Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» атты республикалық форумға республикамыздың аймақтарынан 60-тан астам аналар катысып, ұлт болашағындағы ананың рөлі туралы ой бөлісті. Форум жоғары деңгейде өтті. Қазіргі таңда, Ақжайық өңірінде 1 230 мүшесі бар 157 Аналар кеңесі жұмыс атқаруда.

Негізі киелі өңіріміз батыр қыздарымен, асыл аналары мен дана аруларымен ерекшеленеді. Олардың ерен еңбегі, белсенді өмірлік ұстанымдары, шығармашылық табыстары, түрлі әлеуметтік жобаларды іске асырулары облыс және республика деңгейінде бағаланды десек артық емес.

Бүгінгі шараны ұйымдастырушы «Ақжайықтың асыл арулары» клубының мүшелеріне алғысымды білдіремін. Клубтың президенті Кужекова Роза Лукьяновна бастаған 170 белсенді жан бүгінгі таңда жастарға тәрбие беру, ана мен әйелді қолдау бағытында жұмыстар атқарып келеді.

Клубтың белсенді мүшелері, елге сыйлы Ақұштап Бақтыгереева, Бірғаным Әйтімова, Сауле Омарова, сонымен қатар бүгінде орта буын жастарымен толығуда. Облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамына «Ақжайықтың асыл арулары» клубының мүшелері баршылық.

Олар қоғам өміріне белсенді араласып, өңірдің әлеуметтік-рухани дамуына үлес қосып келеді. Шалқыма Хайроллақызы, Жансұлу Менешқызы, Әлия Өтемісқызы, Ляна Алексеевна, Валентина Павловна, Балзия Жұбанасовна, Гүлназ Мағжанқызы сияқты көпке танымал әйелдердің қоғамдағы орны мен беделі ерекше.

Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Батыс Қазақстан облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тәжірибелі маман Нұрмағамбетова Жанат Жандоллақызы тағайындалды. Қазіргі уақытта Жанат Жандоллақызының бастамасымен осы салада маңызды жұмыстар атқарылуда.

Кеше ғана Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған Астана қаласында өткен Әйелдер форумына облыстан 10 делегат қатысты, соның ішінде «Ақжайықтың асыл арулары» клубының мүшелері де бар.

Шыңғыс Айтматовтың «Әйелді құрметтеуден асқан бақытты көрмедім» деп тебіренуінде терең мән жатыр. Сіздер сол құрметке лайықсыз! Сіздердің өткен жолдарыңыз, өмірлік мектебіңіз, отбасылық татулығыңыз – жастарға үлгі. Аман болыңыздар, істеріңізге сәттілік тілеймін,–деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

IMG-20240310-WA0003

Еркін форматта өткен кездесуде облыс нәзік жандылары атынан сөз алған еңбек ардагері Мәстура Нәбиева қазақ әйелі тарихта ғана емес, қазіргі заманда да ел ісіне араласып, қоғам дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқанын атап өтті. Ел басына күн туғанда әр қазақстандық азаматша ел тағдырына араласуға қашан да дайын екеніне ерекше тоқталған Мәстура апай әйел адамды нәзік дегенімен олар нағыз батыл, белсенді әрі намысқой болып келетінін де айтты.

IMG-20240310-WA0002

– Алға қойған мақсатына жетпейінше, бастаған ісін аяқтамайынша тыным таппайтын әйелге кім болса да бас иіп, құрмет көрсетеді. Сондай қайсар мінезден қазақ әйелі арылмасын. Көктемнің шуағын алып келетін, қыстың суығын ұмыттыратын осы бір мереке күні әрқайсыңызға бақыт тілеймін, - деді Мәстура Нәбиева.

IMG-20240310-WA0006

Игі тілекке толы мерекелік шараның соңында әр қатысушы әйелге өңір басшысы гүл шоқтарын сыйлады.

IMG-20240310-WA0005

Түгелбай Бисен,

 zhaikpress.kz

Суреттер БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале