8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шаралар барысында белсенді азаматтық позициясы бар, облыстың, еліміздің дамуына бір кісідей атсалып жүрген нәзік жандыларды құттықтау бір сәтке де толастамады.
– Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Шын мәнінде, әр адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана қызды тәрбиелейді» - дейді. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. «Әділетті Қазақстанды» құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы, ел ішінде отаншылдық, мемлекетшілдік рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанды ұрпақ өсіруіміз керек» - деген ойын білдірді.
Ақжайық өңірінде Республикалық Аналар кеңесінің, өнегелі ана тәрбиелеуге бағытталған, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» атты форумға республикамыздың аймақтарынан 60-тан астам ана қатысып, ұлт болашағындағы ананың рөлі туралы ойларымен бөлісті. Форум жоғары деңгейде өтті. Біз осындай шараларды алдағы уақытта да қолдаймыз!
Киелі Ақжайық өңірі батыр қыздарымен, асыл аналары мен дана аруларымен ерекшеленеді. Олардың ерен еңбегі, белсенді өмірлік ұстанымы, шығармашылық табысы, әртүрлі әлеуметтік жобаларды іске асырулары облыс және республика деңгейінде бағалануда.
Қазіргі таңда белсенді қоғамдық өмірге араласып, «Әділетті Қазақстанды» құру жолында Батыс Қазақстан облысының ақ жаулықты аналары мен асыл арулары өз үлестерін қосып келеді. Одан бөлек жыл сайын сәбиді күтіп-бағуға жәрдемақы беріліп, аналарға да жағдай жасалуда. Ананың аялы алақанын, мемлекеттің қолдауын көрген бала болашақта ұлтына, еліне қызмет етері сөзсіз. Елдің ертеңін, тәрбиелеп отырған аналарды халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттаймын, – деді Нариман Төреғалиев.
Мықты біртұтас ұлт, саяси тұрақты мемлекет құру жолында әйелдердің рөлі ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ана мен бала мәселесін қашан да басты назарда ұстайды. Ал ана мен бала, отбасы мәселесін шешу жолында еңбектеніп жүрген азаматшалар құрметке лайық. Сол себепті мереке қарсаңында БҚО-тық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, Орал қаласының "Құрметті азаматы" Ляна Тұрсынова мен "Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы" басшысының орынбасары Мариэтта Давлетиярова ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаеваның алғысхатымен марапатталды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz