Құрметті жерлестер!
Фото: zhaikpress.kz
Баршаңызды келіп жеткен қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Рамазан айы – адамзатты ізгілікке, адамгершілікке, рухани тазаруға және кемелденуге бастайтын мезгіл. Бұл айда барынша игі істер жасап, айналамыздағы адамдарға мейірімділік таныту – нұр үстіне нұр!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі құттықтауында халқымыз үшін оразаның мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.
«Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады», - деді Президентіміз.
Ислам діні әр адамды мейірімді, кешірімді болуға, татулыққа және қайырымдылыққа үндейді. Сондай-ақ, асыл дініміз қоғамдағы және әлемдегі дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға ықпал етуде.
Баршаңызды Рамазан айының басталуымен құттықтай келе, жасаған дұға тілектеріңіз бен ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді!
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев