Сырым ауданының орталығы Жымпитыда қысы-жазы жұмыс істейтін «Баян Luxe» кілем жуу орталығы ашылды. Орталықты жас кәсіпкер - Ақеділ Нұрмашев ашты.
«Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында «Әділ» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ақеділ Нұрмашев 2,5 пайыз жеңілдікпен 8 млн 600 мың теңге алып, кілем жууға арналған құрал-жабдықтар сатып алды.
Кілем жуу орталығының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов қатысып, сөз сөйледі.
– Былтыр ауданда «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 127 несие алушы 886,4 млн теңгеге несие алуға құжат тапсырып, соның 115-і 816,5 млн теңге көлемінде қаражат алып, жұмыстануда. Бүгін өз кәсібін ашып отырған Ақеділ Жанғабылұлы шағын бизнесті дамыту мақсатында 8 млн 600 мың теңге несие алып, халыққа қажетті бизнес түрін қолға алып жатыр. Кілем жуу орталығында екі адам жұмыспен қамтылады, - деді Қайрат Нұржанұлы.
Ақеділ Нұрмашевтің анасы Меңсұлу Мырзағалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұлының игі бастамасына батасын беріп, қолдау білдірген аудан әкімдігіне алғысын жеткізді.
Қайрат Нұржанұлы мен Меңсұлу Мырзағалиқызы лента қию рәсімін жасады.
Кәсіпкердің анасы шашу шашып, жиылған қонақтар ақ дәм мен шелпектен ауыз тиді.
Жас кәсіпкер Ақеділ Нұрмашев ішке енген қонақтарға кілемнің қалай жуылатынын көрсетті. Бірінші арнайы аппаратпен кілемнің шаңы қағылып, үстіне су себіледі. Одан кейін кілемге жуатын зиянсыз сусабын себіледі. Одан соң ротор деп аталатын айналып жуатын қылшақты аппаратпен көпіртіліп, үш рет тазаланады. Кілемнің бетіндегі дақтары қырғышпен үш рет қырылады. Одан кейін сумен екі немесе үш рет шайылады. Кілем оралып, сығатын аппаратқа салынады. Жуылып, сығылған кідем 8-10 сағатқа аппаратпен кептіріледі. Оның кептіру температурасы – 37 градус. Жаздыгүні сыртта кептірілген кілем қатып кетеді. Ал аппаратпен кептірілген кілемнің беті жұп-жұмсақ болады. Кепкен кілемнің беті таралып, целлофанға оралып, нөмірмен белгіленіп, иесін күтеді. Кілем жуу процесіне бір күн кетеді.
Қалада кілем жуудың құны бір шаршы метрге 700-750 теңге болса, Ақеділ кілемдердің шаршы метрін 600 теңгеден жуады. Үйде кілем жууға 200-300 литр су кетсе, «Баян Luxe» 3*5 кілемді жууға 70-80 литр суды пайдаланады.
Негізгі аппараттардың барлығы Түркия мемлекетінен алынған. Тек шаң қаққыш қана – отандық өнім.
Ақеділ Жанғабылұлы кілем жуу орталығына техинкалық су тартуды көздейді. Бұл мәселеден хабардар басшылар шешуге қол ұшын созатындарын айтты.
– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеңілдетілген несие алушылар негізінен мал бағумен айналысуда. Кілем жуу орталығы – жоба бойынша жүзеге асырылған бірегей кәсіп. Күніне 100-150 шаршы метр кілем жууды жоспарлап отыр, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Бисенғалиев.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен 8 млн 600 мың теңгемен несие алып, «Баян Luxe» кілем жуу орталығын ашып жатырмыз. Шаң қаққыш, кілемді айналдырып сығатын центрифуга, роторлық жуу, кептіргіш аппараттарын сатып алдым. Осы құрал-жабдықтармен жұмысымызды бастап жатырмыз. Аудан орталығынан тапсырыстар түсіп жатыр. 2019 жылы ашқан автокөлік жуу нысанынан суды бері қарай тартып, соны пайдаланудамыз. Екі күнде бір 100-120 шаршы метр шамасында кілемді жуудамыз. Ісімізді жаңа бастаған орталық үшін бұл – жақсы көрсеткіш. Екі жұмысшы алып, жұмыспен қамту ойымда бар. Жұмысымызды ілгері дамытып, жоғары деңгейге жетуді мақсат етемін. Көршілес аудандардың кілемін жууды қамтып, өзіміз апарып, алып-келуді жоспарлап отырмыз. Он кілемнен жоғары болса, ауылдық округтерден кілемдерді өзіміз алып келіп, кері жеткіземіз. Жол шығынының барлығы сол жуу сомасы 600 теңгенің ішіне кіреді. «Баян Luxe» кілем жуу орталығын дамытып, елдің экономикасын көтеруге септігіміз тигізгім келеді, -дейді Ақеділ Нұрмашев.
Ақеділ Жанғабылұлы кәсіп ашуға ниетті жандарды «Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға шақырды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz