14.03.2024, 10:30
Оқылды: 140

Жыл қайыру және мезгіл амалдары

14 наурыз – Көрісу күні, амал мерекесі

12 жыл атауы – тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз.

Наурыз ЖП (5)

Осы күнгі қазақша 12 ай атауы – наурыз, көкек, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан.

Қазақстанның батыс өңірінде ескіше оқыған қазақтар айларды парсы тілінде атаған. Жарықтық, 93 жасқа келіп дүниеден өткен әжем Күніш қария ай аттарын парсыша атайтын. Парсыша ай атаулары: Қамал, сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс, жәді (жеді), дәлу, құт. Сол әжеміз «Аталарымыз: «Сәуір болмай тәуір болмас», «Сүмбіледе су суиды», «Таразыда таң салқын» деп отыратын және айтқандары мезгіл амалдарына үйлесіп жататын. «Зауза менен саратан, сенен де мен қорқам» дейді екен дейтін. Онысы, ата-бабаларымыздың мамыр мен маусым айларынан қауіптенгендігінен айтылса керек. Бұл айларда табиғаттың төтен құбылыстары байқалып, мұзды бұршақ аралас жаңбыр жауып, тіпті қарлы боран соғып кеткен кездері де болған. Сондықтан мал баққан ел көктемнің соңғы айы мен жаздың алғашқы айына ұласар сәтте де арқаны тым кеңге салып, тізгінді босатпай, ықтимал қауіпті күндерге әзір отырса керек.

Қамал айын елдің батысындағылар, әсіресе, Үстірт қазақтары «амал» деп те атаған. Жылдың басы ескіше «Көрісу айт» наурыздың 13-інен 14-іне қарағанда кіреді. Оны «Ұзын сары» деген. Қазақтар қысқы соғымның сүрісін осы күнге сақтап, бұл күнді асыға күткен. Оны кейде «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» сарыөзек шағы деп те атаған.

Ертеректе жолаушылап шығып бара жатқан бір отағасы үйдегі келініне «Қоржында соғымның сүрісі жатыр. Мен жуық маңда оралмаспын. «Ұзын сары» келгенде қазанға салып, асып жерсіңдер» деп тапсырма беріп кетіпті. Келін «Ұзын сарысы» қашан келеді, сүріні қашан асамын?» деп күтіп жүргенде, бір күні үйге жолдан адасып жүрген ұзын сары орыс тап болып, үй иелерінен қонуға рұқсат сұрапты. «Атамның айтып кеткен кісісі осы болды-ау!» деген келіні сол күні қоржынның аузын ашып, үйдегілер құдайы қонақпен бірге жылқының сүрісін жеп, бір жасап қалыпты деседі. Кешікпей «Ұзын сарыға» тақап атасы сапардан оралып келіп, келіннен қоржынды сұраса: «Сіз кеткеннен кейін бәленше күні ұзын сары орыс кісі келіп, асып жеп қойдық» деп қарап отыр дейтін әзіл-шыны аралас аңыз да бар.

Мына айлардың табиғат құбылыстары сәйкес келіп отырады: маусым-желтоқсан, шілде-қаңтар, тамыз-ақпан, қыркүйек-наурыз, қазан-сәуір, мамыр-қараша. Мысалы, маусым жаңбырлы болса, желтоқсан қарлы, дауылды, нөсерлі болса, қарлы, боранды, құрғақ, ыстық болса, қара суық, аязды.

Ескіше жыл атауы ежелгі түркі тілінде жарық көрген Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғатит ат түрік» еңбегінде аталады.

Қазақ 13-ке келген баланы мүшелге толды деп есептеген. Себебі адамның жасы туған жылынан бастап емес, ана құрсағында пайда болған уақытынан бастап саналған. Сондықтан бала жарық дүниеде 12 жыл өмір сүрсе, оған бір жыл үстеп, 13 жыл етіп бір мүшелге толтырған. Арғы мүшелдердің бәріне де осы құрсақтағы бір жыл үстеліп отырады. Сол себепті екі мүшелді – 25, үш мүшелді – 37, төрт мүшелді – 49, бес мүшелді – 61 деп санайды. 63 – Пайғамбар жасы.

Белгілі бір жылдың ескіше атауы қандай екенін анықтап алу үшін мынадай бір амалды қолдануға болады. Алдымен адамның туған жылына, құрсақта жатқан 9 санын (айын) қосады да, қосындыны 12-ге (айға) бөледі. Бөлінбей қалған қалдық сан қанша болса, жыл аты сол адамның туған жылының атауы болып шығады. Мәселен, 1929 жылдың атын анықтайық: 1929+9=1938; 1938/12= 161. (бөлінбей қалған сан – 6). Жыл санаудың реті бойынша алтыншы хайуанның аты – жылан. Демек 1929 жыл – жылан жылы екен. Осы ретпен кез келген жылдың атын тауып алуға болады.

Туған жылдың ескіше атауын шығарудың басқа да әдісі бар. Әуелі туған жылды он екіге бөлу керек. Қалдықсыз бөлінсе, адамның туған жылының «Мешін» болғаны. Қалдық біреу болса, тауық,  екеу болса, ит, үшеу болса, доңыз, төртеу болса, тышқан жылы туғаны. Сөйтіп кете береді.

«Мешін» – маймыл тектес мақұлық. Адамға да ұқсайды. Осы жерде туған жылдың қалдықсыз бөлінуінің «Мешінге» тап келуі адамзаттық жаратылудың бастауын меңземейді ме екен деген де ой келеді. Өйткені жыл қайыру да жай ойдан шығарыла салған қисынға ұқсамайды. Оның тұңғиығында Адам ата, Хауа ана жаратылысынан бергі эволюциялық даму қисыны жатқандай.

 

Мезгіл амалдары

Қазақ күнтізбесі бойынша жыл әрқайсысы тоқсан күндік төрт маусымға бөлініп: көктем – «жылтоқсан» (жыл алмасатын маусым), жаз – «оттоқсан» немесе «жазтоқсан», күз – «күзтоқсан», қыс – «желтоқсан» аталған.

 Бұл әрбір тоқсанға сәйкес түрде төрт табиғат дүлейінің «патшалық» құратын мерзімі саналады:

«Жылтоқсан» немесе көктем айы – Су маусымы;

«Оттоқсан» немесе жаз айы – өсімдіктің барынша өсіп отқа, қуатқа айналатын, малдың күш жинап отығатын, адамның табиғаттағы барлық дәруменді сіңіріп, денесі нығаятын От маусымы;

«Күзтоқсанда» табиғат жұтаңсып, өсімдік қурап, күзеліп, барлық өскен нәрсе жерге сіңісіп, Топыраққа айналады;

«Желтоқсанда», демек қыста жаратылысқа Ауа қожалық етеді. Жел, Боран, қардың лебі – саф ауасы.

Қазақтар (Орта Азиялық есепшілер) 360 күннен тұратын жылдың мерзімін 5 күн (кібісе жылдары 6 күн) қосып, жыл соңында күнтізбені дәлдеп отырған. Осы күндерді қазақ «бесқонақ» (М. Исқақов, «Халық календары», 1980 ж.) деп атайды. Дегенмен 360+5 күнтізбесі ежелгі жалпыадамзаттық болып табылады: б. з. б. 4-інші мыңжылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құ дайлар атымен Осирис, Гор, Сет, Исида, Нефтид атаған; парсы күнтізбесінде қосалқы
5 күн «фәнджи» немесе «андаргах» – «кетікті толтыратын күндер» аталған. Ежелгі Соғда мен Хорезм күнтізбелерінде де қосалқы күндер болған.

Алайда жұлдызшылар мен есепшілер Наурыз айы келгенде ылғи да пікір таластырған: жылдың алмасуы мен 5 күнді қосу мәселесі күрделі болса керек. Осы жағдай қазақта «Нау болса, дау болады» деген (А. Машанов, «Әл-Фараби», 1970 ж.) мәтелмен тарихта қалған. Демек, нау – наурыздың басы.

 Амалдар Күн

саны

Ескіше Жаңаша
  кірісі               шығысы кірісі шығысы
Наурыз айт (қамал айт, жаңа жыл) көрісу 1. 03 14. 03
Отамалы 15. 03 28. 03
Бесқонақ 10 25. 03 5. 04 8. 04 18. 04
Дала құсының жұмыртқа салуы 1. 04 14. 04
Үркер түсуі 30. 04 30. 08 17. 04 17. 08
Құралай (киік лағын туып өргізуі) 10 5. 05 15. 05 18. 05 28. 05
Қоңырбас қурауы 15. 05 28. 05
Сона 20. 05 4. 06
Маусым (қыр шөбінің пісуі) 1. 06 14. 06
Маса қанатының күюі (шілдеде) 43 10. 06 23. 08 24. 06

 

7. 09
Бүрге, өрмекші матауы (шілдеде) 5. 06 25. 08
Жәндіктер уы шығатын мезгіл 40 6. 06 26. 07 20. 06 1. 08
Шодыра 41 9. 06 20. 07 23. 06. 4. 08
Құрақ шөп, жағалау шөптерінің пісуі 15. 06 28. 06
Шілде (саратанның 20-нан сүмбіленің 1-іне дейін) 40 20. 06 1. 08 3. 07 14. 08
Алайғыр (сүмбіледе шығады) 16. 08 1. 08
Үлкен қазан 10 25. 09 5. 10 8. 10 18. 10
Улы шөптердің пісуі (қазаннан кейін) 25. 09 3. 10
Шыбын тісі шығатын мезгіл (сүмбілеге дейін) 4. 09 18. 08
Кіші қазан 5 10. 09 15. 09 23. 09 2. 10
Үлкен қазан 10 25. 09 5. 10 28. 09 8. 10
Құмаршық, қаңбақ және қарашөптер 20. 09 3. 10
Кіші қараша 5 10. 10 25. 10 23. 10 2. 11
Үркер тууы 17. 10 30. 10
Үлкен қараша 10 5. 11 15. 11 18. 11 28. 11
Киік матауы (бұрқақ) 10 5. 12 15. 12 18. 12 28. 12
Қыс ортасы (ақпан – дақпан) 7 15. 01 22. 01 28. 01 3. 02
Қазбек қамалы (наурызы) 15. 02 28. 02

Қазбек наурызы – 23 ақпанда болады. Бұл кезде інде жатқан тышқан жер бетіне шығып, қыс ызғары қатты болса, қайта ініне барып жатады дейді. Бұл көлденең шөпке жан кіретін кезең делінеді.

Наурыздың ақша қары – шамамен 10-15 наурызда жауады. Бұл ескі күнтізбе бойынша жылдың басы. Ертеде оны «Наурыз айт» деп, мереке ретінде  атап өткен. Қазір де еліміз оны бұрынғыша жаңа жыл ретінде қабылдайды.

Отамалы – 22-27 наурыз шамасында өтеді. Бұл кезде ауа райы құбылмалы болады. Тіпті боран соғып, соңы қарға ұласатын қатты жаңбыр болуы мүмкін. Отамалыда жауған қар мақтаға ұқсайды. Балапанның мамығындай үлбіреген қарды қазақ «Құс қанаты» деген. Қазақ отамалыны «Отамалы – ойылған қыс» деп те атайды.

Кейде оны «Орыстың қалталы қара Иваны» дейтіні де бар. Табиғаттың алай-дүлей ұйтқып, жойыла бастаған қарды, күзден бері көрмеген жаңбырды ұйтқыта үйіп-төгіп, жаратылысты бір жарылқап тастайтындықтан солай дейтін шығар. Бір аңызда Отамалы ерте түскен жылылыққа алданып, өз отарын алыс жайлауға айдап кетіп, суыққа ұрынған қойшының есімі делінеді. Күтпеген жерден ауа райы өзгеріп, суықтан оның буаз қойлары іш тастаған.

Бесқонақ – байырғы қазақ күнтізбесіндегі мезгіл амалы. Жыл айларынан тыс алынатын бес күн. 10-20 сәуір аралығында өтеді. Бұл ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып, 10 күн құрайды. Сондықтан оны «Бес ескі, бес жаңа» деп те атайды.

Ертеде осы күндердің ішінде ерте көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті деген ел ауызында аңыз бар. Бесқонақтың дауылынан кейін Қаратамақ, Сарышымшық торғай келеді.

Қазақ «Бесқонақты» сәуірдің сегізіне кіріп, он сегізіне шығады» деп есептейді. «Бес-қонақтың» бес-алты күн әрібері ауытқуы мүмкін екенін де айтады. Осының бәрінде нақты ғылыми негізбен астасқан халық даналығы жатыр.

Батыс Қазақстанда «Бесқонақ» 14-18 сәуір аралығында өтеді деп жорамалдайды. Бұл күндердің ежелгі табиғат жорамалында «Бесқонақ» аталу себебі осы күндердің күнтізбеде нақты орнының жоқтығынан да айтылса керек. Демек «қонақ» күндер. Бірақ күнтізбе мен табиғаттағы маңызы орасан зор.

«Бесқонақ» жылдың 360 күніне қосылатын бескүндік күнтізбелік сипат (Қазақтың «Бес күндік тірлік» дегені де осыдан шықса керек А. Ш.) циклондық ауа райының бұзылу көрінісі. Бесқонақ күндерінің нақты көрсетілмеуі – жыл сайын ескі жылдың соңы мен жаңа жылдың басын анықтай алмағанынан жұлдызшылардың астрономиялық есепке жүгініп, күнтізбені нақтылау үшін туындаса керек. Сол себепті ғасырлар бедерінде күнтізбелік бірнеше нұсқа қатар жүрген болуы әбден мүмкін. Алайда 14 сәуір ескіше сәуір айының басы – «өлара». Жаңа айдың тууына дейінгі көрінбей тұратын күндер осылай аталған және бұл күндер ауа райының бұзылуына әсер еткен. Осыған орай осы күндер аралығында болатын жауын-шашынды күндерді «бесқонақ» атап, халық сол күндерден қатты сақтанады.

Сәуір айының он бесінен кейін алғашқы найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанып қоя береді. Халық осы найзағайдың жарқылын «Қыдыр (Қызыр) қамшысы ойнады» дейді. «Үркер» суға түсті» дейтіні де бар.  Бұдан кейін қыс біржолата кетті деп есептеледі. Бұл «Үркердің» һәм оттың суға түсіп, демек «Сутоқсанның» бітіп, «Оттоқсанның» басталғанын да паш етеді. Сайып келгенде, «Бесқонақ» ұғымы – қазақтың ежелгі танымының, ұлттық күнтізбенің жұрнағы.

Ғылымда нақты астрономиялық жылдың ұзақтығы бүтін күн санымен емес, шамамен алғанда 365, 24 тәулік (яғни 365 күн 6 сағат) деп есептеледі. Тәуліктің ширегін жыл сайын күнтізбеге енгізіп отыру мүмкін болмағандықтан, қазіргі қолданылып жүрген Григорян күнтізбе сінде бұл ширектерден 4 жылда 1 күн құралатындығы ескеріліп, әрбір 4 жылдың алдыңғы үшеуі 365 күннен, төртіншісі, 366 күн болып алынған. Мұны орыстар «Высокосный год» десе, қазақтар «Кібісе жыл» дейді. Ал әрқайсысы 30 күндік 12 айдан тұратын қазақ күнтізбесінде 360 күн болды. Жыл толық болу үшін оған 5 (кібісе жылдары 6) күн қосу керек. Аптаға толмайтын осы 5 күнді қазақ халқы «Бесқонақ» деп атаған.

Байырғы қазақ күнтізбесінде «Бесқонақ» үнемі жыл аяғына қосылатын болған. Қазіргі күнтізбе бойынша «Бесқонақ» жыл сайын 17 наурыздан (кібісе жылдары 16 наурыздан) 21 наурызға дейінгі аралыққа келіп отырады.

Қалай болғанда да сәуірдің осы бастапқы екі он күндігінде «Бесқонақ» ырымдауға тиіс. Ауа райы бұзылып, қарлы жаңбыр, не бірыңғай жауын жауады. Аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болатын кездері де бар. Осыны білетін қазақ бұл шақты «Өлара» деп әр кез сақ отырады. Жеңіл-желпі киініп алыс сапарға, жолға шықпайды. Малды тым ұзатып өрістетіп жаймайды.

Дегенмен қыс пен көктемнің осындай тоғысар шағындағы ауа райының бұзылуын іштей  тілейді, оны жақсылыққа жориды. Кей жылдары «Бесқонақ» тыныш өтсе, «Бесқонақ биыл ырымдамады», жаз қалай болар екен деп алаңдайды. Көп жағдайда сол мазасыздану бекер де болмайды. Айтқан-
дай, жаз жауын-шашынсыз өтіп, жердің оты, астықтың шығымы бәсең болып жатады. Демек, Бесқонақ – ауа райының қас-қабағын баққан қазақтың өмірден түйген сабағы.

Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл кезде тобылғы бүр жарып, өсімдіктер тамыр жайып, көктей бастайды.

Қызыл жұмыртқа – мамыр айының алғашқы онкүндігінде екі-үш күнге созылатын суықтық. Осы кезде дала құстары балапандарын  шығара бастайды.

Құралай – 28 мамырдың шамасында келеді. Бұл – киіктің лағын өргізетін кезі. «Киіктің құралайындай» деген сүйкімділік ұғымы осыдан келіп шыққан. Бір жорамалдаушылар Құралайды – 14-ші және 16-шы мамыр аралығында тұрып алатын қатты жел дейді. Бұл кезде төлдеуге дайын ешкілер желге қарсы әлсірегенше жүгіреді екен. Олар тек сол кезде ғана  төлдей алатын көрінеді. Сол сияқты ешкі тұқымдас жабайы жануар – киіктердің ешкілері де желге қарсы жүгіріп төлдейді. Бұл кезде ауа райы құбылып, суық жел соғады. Бас аяғы екі-үш күнде киік жаппай төлдеп, лақ-
тарын өргізіп үлгереді. Бір ғажабы, кез келген аналық киік желіні сыздағанда кез келген құралайды емізе береді. Тағы бір таң қаларлығы – осы кезде қасқырлар ет жемейді.

«Құралай» орыстың «Николасына» орайлас келеді. Демек, амал атаулары қай халықта да кездесіп отырады.

Үркердің түсуі – Маусым айының бас кезінде «Үркер» жұлдызы мүлде көрінбей кетеді. Мұны қазақ Үркердің жерге түсуі деп те атайды. Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. Халық жұлдызшыларының «Үркер» түспей жер қызбайды» дейтіні сондықтан.

Қырық күн шілде – маусым, шілде айларындағы аптапты, ыстық күндер.

Таразы – тамыз айының ортасына таман аспанға қою бұлт үйіріліп, күн салқындап, күздің ызғары сезіле бастайтын кез. «Таразыда – таң салқын» деуі тегін емес.

Мизам шуақ – Қыркүйек айының екінші онкүндігінде, күн салқындап, жаңбыр жауып, түнде шөп басына шық тұрғанымен, күндіз жаздағыдай жаймашуақ күндер басталады. Далада өсімдік ұлпа-
сынан сағым тектес ақ сілбі (мизам) шұбатылады. Осы бір майда шуақты күндері қа-
риялардың өзі сырттан үйге кіргісі келмей, күн шуағына қыздырынып, әңгіме-дүкен құруға үйірсек келеді. Сондықтан бұл күндерді кейбір өңірлер әзіл-шыны аралас  «Кемпіршуақ» деп те атайды.

Сүмбіле – қыркүйектің соңғы онкүндігінде аспаннан «Сүмбіле» жұлдызы көрініп, жауын-шашынды күз келеді. «Сүмбіледе» су суиды» дейді дана халық.

Қазан қақты – қазан айының бірінші онкүндігінің соңына таман бір түнде үскірік суық соғып, өсімдіктер үсіп, қарайып кетеді. Мұны халық «Қазан қақты» дейді.

Қарашаның қайтуы – қараша айындағы құстың жылы жаққа қайтатын кезі. Көк жүзінде қараша қаздар сұңқылдап, тырналар тыраулап тізбектеле қанат қағады. Алғашқы қар түсіп, күн суыта береді.

(Ескертпе: Материал әртүрлі негіздерден алынғандықтан белгілі бір сәйкессіздіктер де табылуы мүмкін. Егер ондай қайшылықтар негізді, қисынды деректермен дәлелденсе, бұл танымдық дүниені жетілдіріп, тіпті жаңа деректермен толықтыра түсуге болады).

 

Жинастырған: Аманкелді Шахин

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале