17.03.2024, 16:18
Оқылды: 128

Жалпақталда Шаңырақ күні аталып өтті

Бүгін 17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күнді отбасы құндылықтарын дәріптеу күні деп те атаймыз. Еліміз бойынша бекітілген наурызнама онкүндігімен ұштастырып, ұйымдастырылған іс-шара жоспары негізінде Жалпақтал ауылдық округі әкімдігі мен аналар Кеңесі және жастар ресурстық орталығы бірігіп дәстүрлі өнер орталығында тәрбиелік мәні зор үлкен шара өткізді.

20240317_105546

Онда бекітілген тұжырымдамаға сәйкес отбасын құрып, бір шаңырақ астында 60 жыл тату-тәтті ғұмыр кешкен Серік-Разия Өтеғалиевтер, бір шаңырақ астында 40 жылдай ғұмыр кешкен Рахмет-Гүлсара Сәтиевтер және жас отбасы Алтынбек-Ақжарқын Дәуітовтар шараның құрметті қонағы ретінде шақырылып, ауыл жастарымен дөңгелек үстел басында еркін сұхбат жүргізілді.

20240317_103200

Шарада көпшілікке сыйлы ауыл ақсақалы әрі көпбалалы ата-аналар есебінде Серік ағамыз бен Рәзия апай өз бастарынан кешкен отбасылық қызық жағдайларды әсерлі баяндап, бүгінгі жас отбасылар мен тұрмыс құрмаған қыз балаларға тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестерін айтса, Рахмет ағамыз бен Гүлсара апамыз шаңырақ іргесінің бекем болуы, сол шаңырақты көтерген жандардың бір-біріне деген татулығы мен сыйластығынан болатынын түсінікті етіп баяндап берді.

Осындай тағылымды әңгімелерді өз құлақтарымен естіп, алдыңғы буын ата-әжелер мен аға-апалардың салиқалы өнегесін тыңдаған Алтынбек пен Ақжарқын болашақта тату-тәтті өмір сүруге тырысатындарын айтып, үлкендерге уәде берді.

20240317_115904

Ал мереке қарсаңында уақыт тауып, шараға қатысқан құрметті қонақтарға алғыс айтқан Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков ауылдастар атынан Алғыс хаттар табыс етсе, ауылдық әйелдер Кеңесінің төрайымы Гүлнәр Сапахова мен осы Кеңестің белді мүшесі Ләйла Баделова Разия әжей мен Гүлсара апайға көктем мерекелеріне орай гүл шоқтарын ұсынды. Шарада «Өнер» мектебінің ұстазы Жасұлан Ержанов пен оның шәкірті Томирис Кафарова өнер көрсетсе, Серік ақсақал жастарға бата беріп, қатысушы қонақтар естелік суретке түсті.

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале