Бұдан бұлай еліміздегі мұғалімдер сабақтарды ұйымдастырудың ерекшеліктеріне қарай, өздеріне ұнайтын оқулықты ETANDAU.GOV.KZ платформасы арқылы таңдай алады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда электронды платформа Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ Қостанай облысының бірқатар мектептерінде апробациядан өтті.
«ETANDAU.GOV.KZ - бұл мұғалімдерге арналған оқулықтарды таңдаудың ашық жүйесі. Апробация кезінде оның функционалдығы және жұмысты оңтайландыру мүмкіндіктері расталды. Педагогтер оқу процесінің ерекшеліктері мен ұйымдастырылуын ескере отырып, өздеріне ұнайтын оқулықты өз бетінше таңдай алады», - деп атап өтті Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының директоры Назира Әбдірахманова.
Қазір мұғалімдер платформаны пайдалану бойынша оқытудан өтуде. Айта кетейік, бұл бастама білім беру сапасын және тиімділігін арттыруға тағы бір қадам болмақ.