18.03.2024, 11:00
Оқылды: 72

Парижде өтетін олимпиадаға еліміздің екі таеквондошысы барады

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қытайдың Тайань қаласында аяқталған Азия құрлығының соңғы лицензиялық турнирінде Ұлттық құрама екі жолдамаға ие болды.

8d8b19d919df6012521beadbed4261bf_1280x720

Фото: Шамкен Байырбек

Санаулы сәттер бұрын Самирхон Абабакиров (58 келі) жартылай финалдағы Филиппин атлетімен болған жекпе-жегінде жеңіске жетті.

Өкінішке қарай, жолдамаға таласқан аса ауыр салмақтағы Жансель Дениз (+67 келі) шиеленісті өткен айқаста қарсыласы Мунира Абдусалимоваға (Тәжікстан) жол берді.

Кеше Батырхан Төлеуғали (-80 келі) екі айқаста ешкімге дес бермей, Олимпиадаға лицензия алған ең жас қазақ таеквондошысы атанған.

«Осы турнирге 3 жолдама аламыз деп келгенбіз. Қолға түскені екеу болды. Бір қуаныштысы Парижге қос жас таеквондошымыз барады. Батырхан шілдеде 18-ге, Самирхон қыркүйекте 21-ге толады. Жыл өткен сайын Ұлттық құрама сапына көптеп жастарды тартып келеміз. Тәжірибелі Жансель Денизден лицензия күткенбіз. Алайда ол қарсыласынан жеңіліп қалды. Жансель Испанияда өткен 12 күндік халықаралық оқу-жаттығу жиыны кезінде тізесінен жарақат алған. Бүгін екі жекпе-жек кезінде соның салдары көрініп тұрды», - деді Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Олжас Беспаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Азияның шешуші турниріне 33 елден 96 атлет қатысты. Мұндағы жекпе-жектер кезінде бұра тарту болмас үшін Еуропа, Африка және Оңтүстік Америкадан келген төрешілер қызмет етті. Олар ертең пара таеквондодан лицензиялық турнирде жұмысын жалғастырады.

Жалпы Қазақстан құрамасы 2004 жылдан бері тұрақты түрде Олимпиадаға таеквондошы апарады. Афинада ел намысын тек Әділхан Сағындықов қана қорғаған. Содан кейін Бейжіңде Арман Шылманов пен Лия Нуркина, Лондонда Нұрсұлтан Мамаев, Гүлнафис Айтмұхамбетова, Феруза Ергешова сынға түсті. Ал Рио (Руслан Жапаров, Айнұр Есбергенова) мен Токиодағы ойындарда (Руслан Жапаров, Жансель Дениз) екі таеквондошымыз жүлдеге таласқан. Әзірге Қазақстан еншісінде Бейжіңдегі Арман Шылмановтың қола жүлдесі бар.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале