20.03.2024, 20:12
Оқылды: 72

Жаңақалада ерекше ертеңгілік өтті

Бүгін Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудандық мәслихат қызметкерлерінің балаларына арналған «Біздің отбасымыздағы әз Наурыз» ертеңгілігін ұйымдастырды.

IMG_1899

Мәслихат аппаратының төрағасы Қамбар Қаменовтың алғысөзімен шара шымылдығы түрілген соң қашанда бүлдіршіндердің жүздеріне нұр сыйлайтын кітапханашылар бұл жолы да сол әдеттерінен жаңылмай «Алдар көсе» ертегісінен үзінді қойып, көңілдерін көтерді.

IMG_1935

Сондай-ақ Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес бекітілген  ұлттық спорт күніне орай балалар «Теңге алу», «Арқантартыс», «Орамал тастамақ», «Оқтау тартыс», «Ақсерек» секілді  төл ойындарымызға ерекше қызығушылықпен қатысты.

IMG_1953

Мәслихат аппаратының басшысы Алтынбек Шыңғысханұлының Айлин есімді сәбиіне «құйрық ботқа» рәсімі жасалып, ақ тілектер арналды. Әдетте балалар  жыл сайын желтоқсанда Аяз атаны шақырып, одан сыйлық күтсе, бүгінгі шараның ерекшелігі сол кішкентай балақайлар ұлттық мерекеміз Наурызда дала қаһарманы Қыдыр атаны асыға тосып, өнерлерін көрсетуге асықты.

IMG_1901

Қазақ танымында әр шаңыраққа ырыс, құт, несібе әкелуші Қыдыр ата ертеңгілікке балаларға дайындаған сыйлықтарымен қоса  ақ батасын арнап келді. Шара барысында  Талғат Бисенғалиев халық әні «Әттең тонның келтесі-ай» әнін шырқап, Жанайдар Болатбекұлы Сүгірдің күйі «Ыңғайтөкті» күмбірлете орындаған соң, сөз алған Алтынбек Шайхиев аталмыш мерекеге орай өз құттықтауын жолдап, қатысқан қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті.

IMG_1976

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, ауданымыздың құрметті азаматы Закария Сисенғалидің ұлттық мейрамымыздың мәртебесі жөнінде білдірген пікірі мен жолдаған ақ тілегінен кейін мерекелік ертеңгілік өз мәресіне жетті.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале