Сейсенбі күні облыс әкімдігінде тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалану мәселесі қаралған жиын өтті. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев жүргізген басқосуда тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығару, сұрыптау және қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей жатқаны айтылды. Сондай-ақ ауылдық жерлерде рұқсат етілмеген қоқыс жинау орындары күн санап көбейіп жатқаны да сөз болды. Облыс әкімі түйткілді шешуге жауапты мекемелердің жұмысын сынға алып, тез арада қоқыс мәселесін шешудің жолын табу қажеттігін ескертті. Одан бөлек басқосуда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуы мен мал қыстағы мәселесі қаралды.
Ресми мәліметке жүгінсек, облыста 147 қоқыс полигоны бар. Соның 8-і ғана санитарлық-экологиялық талаптарға сай. Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өткен ғасырдың 70-жылдары пайдалануға берілгендіктен, әбден ескірген.
Мұнда тәулігіне 700 мың шаршы метр қоқыс төгіліп, сұрыпталады. Бүгінде полигондағы өңделмейтін қалдық көлемі 1,8 млн шаршы метрге жеткен.
– Ескірген қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялау (қалпына келтіру) жобасын іске қосқалы отырмыз. Қазіргі таңда ол жоба сараптамадан өтуде. Оның қорытындысы сәуір айының соңына дейін шығады. Жобаның құны да көлемді. Рекультивация жұмысы 23 млрд теңгеге есептелініп отыр. Аталған жоба полигон ішіндегі қалдықтарды толық жояды. Бұл бағыттағы әдістер ел аумағында пайдаланылмаған және ешқашан енгізілмеген, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Қолданыстағы полигонға жақын жерден жаңасы бой көтермек. Бәйтерек ауданының аумағында 70 га жер учаскесі бөлінген. Алдағы төрт жылда Орал қаласындағы коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы жүзеге аспақ. Сондай-ақ Бөрлі, Ақжайық, Казталов аудандарында полигондар салу жоспарланған. Өңірде қатты тұрмы-стық қалдықтарды сұрыптап, өңдеп, кәдеге жаратуға жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын айтқан аймақ басшысы жауапты мекемелердің жұмысын сынға алды.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев баяндамасында биыл Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар ми-нистрлігінің 2023 жылдың 18 мамырындағы №154П бұйрығына сәйкес «2024-2028 жылдарға арналған Орал қала-сының коммуналдық қалдықтарын басқару бағдарламасы» жүзеге асырылатынын атап өтті. Осыған орай бағдар-ламаны дайындауға «АҚ ТЕРЕК KZ» ЖШС мекемесімен келісімшарт жасалған. Аталған бағдарламаның мақсаты – коммуналдық қалдықтардың қауіпті компоненттерін бөлек жинау, сақтау, ұдайы шығару, өңдеу, кәдеге жарату және залалсыздандыру. Сонымен қатар қала аумағын тазартуды көздейтін ұтымды және экологиялық таза комму-налдық қалдықтарды жинау жүйесін ұйымдастыру. Қазіргі таңда бағдарлама дайын.
– Қаладан жыл сайын өте көп қатты тұрмыстық қалдық шығарылатыны белгілі. Соның қаншасын өңдеп отыр-мыз? Біз қалдықты өңдеп, кәдеге жарату жайын ойластыруымыз керек. Ол – бүгінгі күннің талабы. Осы жолы ауызша ескерту беремін. Жұмысты жандандырыңыздар! – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Өткен жылы облыста 124 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық қалыптасса, соның 23 мың тоннасы ғана қайта өңделген. Жиында облыстағы қоқыс алаңдарының тең жартысы талапқа сай емес екені де айтылды. Осы күні қала ішін толықтай таза ұстау үшін 4100 қоқыс жәшік қажет. Ғарыш мониторингі арқылы өңірде заңсыз 259 қоқыс орны анықталып, 171-і жойылған. Қазір бүкіл әлемде қоқысты қайта өңдеу табысты бизнес болып отырғанын айтқан ай-мақ басшысы жауапты басқармалар мен әкімдіктерге инвесторлар тартудың қосымша тетіктерін әзірлеуді, бастау алған барлық жобаны сүйемелдеп, іске қосу жұмыстарын жеделдетуді жіті тапсырды.
Былтыр өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 34 елді мекенде жалпы құны 12,6 млрд теңгені құрайтын 60 жоба іске асырылғаны мәлім. 35 жоба тапсырылды, 21-і – ауыспалы, қалған 4 жоба жыл соңына дейін аяқталмақ.
– Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 34 ауылда 10,2 млрд теңге болатын 42 жобаны іске асыру көзделген. Соның 25-і былтырдан қалған ауыспалы жоба. Атап өтетін болсақ, көлік инфрақұрылымын реттеуге жалпы құны 7,2 млрд теңге болатын 26 жоба, әлеуметтік салада 2,3 млрд теңгеге 10 жоба және электрмен жабдықтау саласында 0,8 млрд теңгеге 6 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз, – деді стратегия және экономикалық даму басқармасы-ның басшысы Бибігүл Қонысбаева.
Нариман Төреғалиев ауыл халқы үшін аса маңызды нысандардың уақтылы әрі сапалы тапсырылуы басты назарда болатынын атап өтті. Жыл соңына дейін аяқталуы тиіс жобалардың жай-жапсары қалай болып жатқанын білмек болған өңір басшысы аудан әкімдерінің есебін тыңдады.
Қазір жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы. Көктем келді, наурыз басталды дегенімізбен, мал қыстату науқаны аяқталған жоқ. Бұл мәселе біраз ауданда қалыпты болғанымен, оңтүстік аудандарда мал азығы жағынан аздаған қиындықтар бар. Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының әкімдері қалыптасқан жағдайды баяндап, мал шығынының алдын алу, шөп тасымалын ұйымдастыру жұмыстары туралы айтты.
– Аудандарда мал қыстағына шөп дайындайтын мекемелердің саны, техникалардың дайындығы қазірден басталғаны жөн. Мұндай жұмыс тиісті деңгейде жүргізілсе, әсіресе, оңтүстік аудандар шабындыққа жіті көңіл бөлгені жөн. Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандары жыл сайын қиындық көріп отырғанын білеміз. Сондықтан да «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы шөп шабу бригадаларын ұйымдастыру керек. Ол іске ауыл шаруашылығы кооперативтері де араласқаны дұрыс. Сондықтан қыстың қамын жазда ойлағандар ұтылмайды. Өйткені қыстың қандай тосынсыйы барын болжап білу қиын. Оңтүстік аудандардың әкімдері ел арасында түсінік жұмыстарын жүргізіңіздер, – деді Нариман Төреғалиев.
Жиында талқыланған мәселелер бойынша жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz