Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы жылдағыдан да жоғарғы деңгейде аталып өтті. "Армысың, әз-Наурыз" атты мектеп оқушыларына арналған мерекелік шара Алма мектебінде басталды.
Алма алаңындағы ақшаңқаң киіз үйдегі көрініс еріксіз көзге түсіп, нұрлы шуақты күнімен Наурызды сездіреді. Жақсылыққа жаны нұрланып, көңіл кеңейіп, пейіл түзелетін бұл айда күн мен түн теңеліп табиғатта жаңарып, түрліше күйге енеді. Сол себептен әз-Наурыз береке пен бірліктің, ырыс пен ынтамақтың мерекесі болмақ.
Білім ордасының дәлізіндегі өнерпаздардың түрлі аспаптармен орындалған сазды әуендері көздің жауын алатын қолөнер туындыларымен астасып жатқандай. Одан кейінгі ұстаздар мен оқушылар дайындаған амал мерекесі де көрініс тапты.
Мектептің акт залындағы концерттік бағдарламаның жөні бөлек-тұғын. Жаңғырған әуенмен ортаға шыққан "Қарлығаштар" шарана думанды тойға айналдырды. Казталов мектеп-лицейі оқушыларының орындаған "Көктем вальсі" де көрерменнің ыстық-ықыласына бөленді. Салт-дәстүр, ертегілер әлемі сынды бөлімдерден өткен мерекелік шарада әуезді әндер, ырғақты билер, тамаша қойылымдар көрініс тауып, көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлай білді.
Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов: - Биылғы жылдан бастап Наурыз мерекесі үлкен көлемде атап өту бастау алып жатыр. Бұл мереке болашақта жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Бұл мерекенің ерекшелігі - өздеріңіз білесіздер биылғы жылдап бастап Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы осы Наурыз мейрамын 14-інен бастап Республиканың түпкір-түпкірінде атап өту жөнінде тиісті тапсырма берген болатын. Наурызнама аясында іс-шаралар жоспары жасақталып, осындай көлемді шаралар оздырылып жатыр. Соның нақты бір айғағы ретінде бүгінгі өткізіліп жатырған мерекелік шара. Жаңа ғана өнер көрсеткен аға-апаларыңыз, замандастарыңыз. Барлығы да сіздердің құрметтеріңізге арнап көрсетіп жасап жатқан мерекелік бағдарламасы.Осы бағдарлама арқылы көрсетілген ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүр арқылы өздеріңіз жақсы күш-қуат жинап, оқуларыңызды, түрлі саладағы жетістіктеріңізді одан сайын арттырып, ата-аналарыңызды, ұстаздарыңызды қуантып елдің абыройын асқақтатып жүретіндеріңізге мен сенімдімін.Сондықтанда ең бірінші кезекте білім керек. Жақсы білім алыңыздар, -деп барша оқушыларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Мерекелік шараға қатысқан 30 оқушыға аудан әкімі атынан ДОМБЫРА сертификаты, НАУРЫЗ ҚОРЖЫН сыйға тартты...
Мерекелік шара спорттық бағдарламамен жалғасын тапты.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz