22.03.2024, 17:29
Оқылды: 69

Жаңақалалықтар Ұлыстың ұлы күнін тойлады

Ұлттық сана мен бірліктің жарқын көрінісі саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы. Бұл күннің түркілік тамыры тереңге кеткені де баршаға мәлім. Көгілдір көктемде тойланатын айтулы күнді жаңақалалықтар ерекше қарсы алды.

image-22-03-24-02-00-5

Төл мейрамды тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастыру мақсатында 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың онкүндігі жарияланып, іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Бүгін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының алаңында «Жыл басы – әз Наурыз» атты халық серуенінде мерекелік концерт өтті.

image-22-03-24-02-00-4

Жанға жайлы шарада шаттанған халықтың қабағы нұрға бөленіп, бақ-береке арта түскендей. Аталмыш өнер ордасының мамандарының ұйымдастыруымен сахналық қойылымдар көрсетіліп, «Назар» вокалдық ансамбілі (жетекшісі: М.Иманәлиева) «Наурыз думан» атты театрландырылған хореографиялық тартуын паш етті. Күн мен түн теңеліп, тыныштық орнайтын күнде «Тіршілік ана» да бой көрсетіп, бәле мен жаладан, жамандық атаулыдан барша жұртты аластап, тоқшылық пен молшылықтың нышаны – тайқазан да сахна төрінен табылған болатын.

image-22-03-24-02-00-2

Алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы алып, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан Наурыз мерекесімен жиналған жұртшылықты құттықтады.

image-22-03-24-02-00

Алаңда ұйымдастырылған шараға орай тігілген киіз үйлер мен дайындалған дастарханға ауданға қарасты мекеме мен кәсіпорындар теңдей атсалысты. Сонымен қатар, аудандық «Жастар» спорт клубының қолдауымен ұлттық спорттық ойындар өткізіліп, аудан жастары бәсекелестікке түсті. Базарлығын арқалап, Қыдыр ата келіп, елдің амандығы мен жұртының тыныштығын тілеп, өз батасын берді. Аталмыш мерекеге орай, аудандық кітапхана жанынан құрылған А.Ишанов атындағы «Жас қалам» жас ақындар клубының ұйымдастыруымен «Армысың, Наурыз!» атты онлайн жыр мүшәйрасының да қорытындысы осы сәтте жарияланып, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Аталмыш жыр додасына облыстық мәслихатының «АMANAT» партиясының депутаты Искаир Кафарұлы демеушілік білдірді. Дәстүрлі мерекеде бұлбұл құстай сайраған әншілер де, күмбірлете күй тартқан домбырашылар да ортамыздан табылып, мың бұралған бишілер сахна биігінен көрінді.

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале