22.03.2024, 17:59
Оқылды: 72

Теректіліктер әз-Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті

Бүгін теректіліктер әз-Наурызды дүркіретіп атап өтті. «Наурыз шуағы» атты мерекелік іс-шараға халық тайлы-тұяғы қалмай жиылды.

наурыз 1

Қыстан аман шығып, бір-бірімен көріскен жұртшылық орталық алаңға тігілген киіз үйлерге бас сұғып, наурыз көжеден дәм татып, арқа-жарқа болды.

Наурыз өтетін алаң жылдағыдан ерекше құлпырып тұрды. Сәкіге жайылған ақ дастархан түрлі тіскебасарға толы. Жаңа піскен бауырсақтың иісі мұрынды жарады. Самаурында түтіні бұрқырап шай қайнап жатыр. Балалар алтыбақан теуіп, мәз-мейрам болып жүр.

Ауылдың жастары Наурыздың басталғанын хабарлаған соң, ортаға бір топ қыз-жігіттер шығып, композициялық би қойылымын орындады. Қойылымда ұлттық ойындарымызды шебер көрсеткен өнерпаздар жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді. Одан кейін Жаңа жылмен тұспа-тұс келген қасиетті Рамазан айына орай жарапазан айтылды.

наурыз 2

Қыдыр ата бата беріп, Жер ана халқымыздың ғұрпы бойынша адыраспанмен аластау ырымын жасады. Осы сәтте шашу шашылып, мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары әсем әнді әуелетті.

Концерт тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен отырған жұртшылықты Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтап, жылы лебізін арнады.

наурыз 3

Мерекелік шара соңы ұлттық ойындардан сайыспен жалғасын тапты. «Қой көтеру», «Гір тасын көтеру» және «Арқан тартыстан» жүлде алған теректіліктер диплом және медальдармен марапатталды.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале